Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Facebook парақшасында дәрі-дәрмек саясатына қатысты өткір пікір білдіріп, Денсаулық сақтау министрлігіне қарата сын айтты, деп жазады qandastar.kz.
Ол белсенді Дидар Смағұлов вакциналарға қатысты көтерген мәселелер «шындыққа жанасатын» болуы мүмкін екенін атап өтті.
Әбеновтің айтуынша, Қазақстанда бірқатар дәрі-дәрмек түрінің нарыққа енуіне кедергілер жасалып, бұл жағдай «фармацевтикалық лоббидің» ықпалын күшейткен.
Белсенді бұл әрекеттер дәрі-дәрмек нарығын жасанды түрде тарылтып, өндірушілердің бәсекесін азайтып отырғанын жеткізді. Себебі Қазақстанда рұқсат етілген препараттар саны 12 мыңнан 6,5 мыңға дейін қысқарған.
Депутаттың айтуынша, нарықтың тарылуы дәрі бағасының көрші елдерге қарағанда бірнеше есе қымбаттауына алып келген. Ол Қазақстандағы бірқатар препарат Ресейге, Қырғызстанға және Өзбекстанға қарағанда 2-4 есе жоғары бағамен сатылатынын айтты.
Мұрат Әбенов Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың бұған «эмоционалды реакция жасағанын» атап өтіп, министрлікке сынмен ашық жұмыс істеуге кеңес берді.
«Бұл – фарма саласындағы олигополиямен күреске көмектесетін қадам», – дейді депутат.



