
Фото: © Freepik
Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Үкіметтің «Инвестицияларға айырбастау тарифі» саясаты аясында 13 триллион теңгеден асатын ірі ұлттық жоба жарияланғанына қарамастан, тарифтерді жасанды түрде ұстап тұру бұл бастаманың ашықтығына күмән тудыратынын мәлімдеді, деп жазды qandastar.kz
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Үкіметке табиғи монополиялар субъектілерінің тарифтік саясатын қайта қарап, инвестицияларды негізінен жеке меншік қаражаты есебінен жүзеге асыруға бағытталған жаңа модельге көшуді тапсырған. Алайда, инфляцияны тежеуге бағытталған тарифтерді шектеу шаралары монополистердің инфрақұрылымға инвестиция салуға деген ынтасын әлсіретіп отыр.
— Бұл жағдай шынайы жаңғыртуға емес, тек ағымдағы жөндеуге ғана мүдделі жүйенің сақталуына алып келуде. Себебі инфрақұрылымды толық жаңғырту — ұзақмерзімді тиімді шешім, бірақ бұл монополистердің табысына кері әсер етуі мүмкін, — деді депутат.
Сондай-ақ, Бейсенбаев 2017 жылы реттелмейтін қызметтерге қойылған тыйымның алынуы жүздеген қосымша қызметтерді енгізуге жол ашқанын атап өтті. Мәселен, тек Астана қаласында жылумен жабдықтау жүйесін сығымдау құны соңғы төрт жылда екі есеге өсіп, 481 теңгеден 1 033 теңгеге жеткен. Басқа өңірлерде де баға өсімі байқалады: Қызылордада электр желісіне қосылу бағасы 52%-ға, Көкшетауда сумен жабдықтауға қосылу құны 68%-ға артқан.
Мұндай қызметтердің құны жыл сайын орта есеппен 50%-ға өсіп отыр, бұл жалпы инфляция деңгейінен әлдеқайда жоғары көрсеткіш.
Сонымен қатар, депутат монополистердің шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне инфрақұрылымға қосылу барысында түрлі сылтаулармен кедергі жасап отырғанын сынға алды. Бұл әрекеттер Президенттің “тұтынушыларды монополистермен бетпе-бет қалдырмау” жөніндегі тапсырмасына қайшы келеді.
Бейсенбаевтың пайымдауынша, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің кейбір әрекеттері монополистердің мүддесін қорғауға көбірек ұқсап барады. Осыған байланысты ол Мәжіліс депутаттарымен бірге монополистердің реттелмейтін қызмет түрлеріне заңдық бақылау орнату қажет екенін айтты.
— Ұлттық компаниялардың бәсекелестікті тежейтін нақты мысалдары алдағы уақытта жарияланады, — деп түйіндеді депутат.