Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса шетелдік мұнай корпорацияларының Қазақстанға төлеуі тиіс айыппұлдарының өндірілмей отқанын сынға алды. Бұл туралы Qandastar.kz хабарлады.
Ол бұл мәселе бойынша ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады.
Қазыбек Исаның айтуынша, 2023 жылы Қазақстан билігі Қашаған және Қарашығанақ жобалары бойынша шетелдік серіктестерді тендер тәртібін бұзды, мердігерлік міндеттемелерін толық орындамады деп айыптап, Қашаған бойынша 13 млрд доллар, Қарашығанақ бойынша 3,5 млрд доллар шығынды қайтаруды талап еткен. Алайда бұл қаражаттың тағдыры әлі де белгісіз.
«2023 жылғы наурызда Қазақстан экологиялық талаптардың бұзылуына байланысты North Caspian Operating Company N.V.-ден 2,3 трлн теңге немесе сол кездегі бағаммен 5,1 млрд доллар көлемінде айыппұл талап еткен. Алайда екі жылға созылған сот процестерінің нәтижесінде мемлекет істі ұтылып, бұл қаражат өндірілмеген», — деді депутат Facebook парақшасында.
Депутаттың пікірінше, теңгенің 2023-2025 жылдар аралығындағы құнсыздануы салдарынан айыппұл көлемі шамамен 1 млрд долларға азайған. Осылайша, соттың созбалаңға салынуы Қазақстан бюджетіне миллиардтаған шығын келтірген.
Қазыбек Иса 1990-жылдары жасалған Өнімді бөлу туралы келісімдердің (ӨБК) әділетсіздігін де атап өтті. Оның сөзінше, бұл келісімдер отыз жылдан бері инвесторлардың ғана мүддесін қорғап келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы аталған келісімшарттарға түзету енгізу қажеттігін айтқанымен, мәселе әлі толық шешілмеген.
«Шетелдік компаниялар заңсыз иеленіп отырған 8,6 трлн теңге мен экологиялық айыппұл ретінде алынбаған 2,3 трлн теңгені қосқанда, жалпы шығын 11 трлн теңгеден асады. Бұл елдің бір жылдық бюджет кірісінің жартысынан көп.
Ірі айыппұлдардың теңгемен белгіленуі шетелдік компанияларға тиімді, ал мемлекет үшін тиімсіз тәжірибе. Сондай-ақ шетелдік корпорациялар әлеуметтік жауапкершілікті толық мойнына алмай, ұлттық байлықтан орасан пайда көріп отыр», — деді ол.
Қазыбек Иса Үкіметтен ұлттық мүддені қорғау үшін шұғыл шаралар қабылдауды талап етті. Атап айтқанда, ірі айыппұлдарды компаниялар табыс табатын валютада есептеу, девальвациядан пайда көруге мүмкіндік беретін соттық созбалаңға жол бермеу, халықаралық арбитраждағы ұтылыстардың себептеріне жан-жақты талдау жүргізу қажет.



