Депутат Нартай Сәрсенғалиев өзінің әлеуметтік парақшасында еліміздегі өткір әлеуметтік-еңбек мәселелерін көтерді, деп хабарлайды Qandastar.kz. Оның айтуынша, жалақының кешігуі, еңбек құқығының қорғалмауы және халықтың күнделікті қажеттіліктерді несиеге сатып алуы мемлекеттік деңгейде шұғыл шешімді талап ететін күрделі проблемаға айналған.
Мәжілісте «Еңбек жағдайларын жетілдіру және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды. Нартай Сәрсенғалиев жалақы талапқа сай төленбеген жағдайда жұмыс берушілерге қолданылатын санкцияны күшейтуді ұсынды.
Осылайшы өтемақы мөлшерін Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесінің 1,25 есесінен 5 есесіне дейін арттыру ұсынылды. Алайда Үкімет бұл ұсынысты қолдамады. Осыған байланысты депутат «Енді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл мәселені қалай шешпек? Жұмысшының құқығын кім қорғайды?» деген сұрақ қойды.
– Кеше ғана жедел жәрдем қызметкері Ұлдана Мырзуан көз жұмды. 9 қабатты үйдің құлаған кірпіш қабатының астында қалған адамдарды құтқару кезінде оның басына кондиционер құлап, жас маман оқиға орнында қаза тапты. Мемлекет басшысы марқұмды «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады. Алайда депутаттың айтуынша, бұл қайғылы оқиға жедел жәрдем қызметкерлерінің еңбек қауіпсіздігі қаншалықты әлсіз екенін тағы да дәлелдеп отыр, – деді депутат.
Депутаттың пікірінше, медицина қызметкерлерін қосымша сақтандыру, қауіпсіздік регламентін күшейту, стандартталған қорғаныс құралдарымен толық жабдықтау, жоғары тәуекел аймақтарында жұмыс істегені үшін қосымша әлеуметтік кепілдік беру сияқты жүйелі механизмдер қорғауы тиіс.
Айта кету керек, Нартай Сәрсенғалиев көтерген мәселе жекелеген жағдай емес. Халықтың несиеге тамақ алуы, жедел жәрдем қызметкерлерінің жұмыста қауіпсіздіктен қағылуы, жалақының кешіктірілуі – бұл әлеуметтік саясат пен еңбек заңнамасындағы нақты өзгерістерді қажет ететін үлкен жүйелік проблемалардың көрінісі.
Депутат бұл сұрақтардың Үкімет тарапынан нақты және ашық жауап талап ететінін атап өтті.



