Қаржы және төлемдер
Депутат салық төлемейтін саудагерлерді сынады
Фото: ашық дереккөз
Бүгін Мәжіліс отырысында сауда-саттық саласындағы қаржы айналымы, салықтан жалтару мәселелері талқыланды. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Мархабат Жайымбетов кәсіпкерлер тапқан табысынан салық уақытылы төленбейтініне тоқталды. Себебі, базардағы сауда, қаржы айналымын қадағалау қиын, деп жазды qandastar.kz
Депутаттың айтуынша, осы бағытта Үкімет ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр. Жалпы, жүзеге асырылып жатқан шаралар соңғы 3 жыл аралығында ішкі жалпы өнімдегі көлеңкелі экономиканың үлесін 27%-дан 19,75%-ға дейін қысқартып, бюджетке 2 трлн теңге қосымша кіріс түсірген.
Алайда, қазір көлеңкелі экономиканың үлесі – 17% шамасында болса, бұл кем дегенде бюджетке 2-2,5 триллион теңге салық түспейді деген сөз.
Бір заң жобасын зерделеу кезінде елімізде көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл саласында бірыңғай саясатты қалыптастыруға және басқа ведомстволарды үйлестіруге жауапты мемлекеттік орган жоқ болып шықты. Әр мемлекеттік орган бір-біріне сілтейді. Кім жауап беретіні белгісіз. Әрбір мемлекеттік орган өз құзыреті шегінде шаралар қабылдайды, бірақ функционалдылықты нақты бөлетін тұтас жүйе жоқ. Аталған проблема бойынша кешенді жоспарлармен барлық салалар қамтылмаған. Бұл – бір.
Екінші. «Көлеңкелі» экономикаға көбірек үлес қосатын сала, бұл – сауда. Ал сауданың жүйесі – базар. Әлбетте, базардың аты – базар. Ондағы еркін сауданы қадағалау қиын. Бірақ дұрыс ұйымдастыруға мүмкіншілік бар ғой. Елімізде қолма-қол ақшасыз айналым коэффициенті жыл сайын өсіп келеді. Яғни, көлеңкелі экономиканың бір көрінісі – салық төлеуден жалтару. Оның бірнеше себебі бар. Солардың бірі салықтық әкімшілендірудің әлсіздігі.
Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпаратында Орталық Азия елдерінің азаматтары Қазақстанда үш жыл ішінде 136 миллиард теңге табыс тапқан. Алайда, Ұлттық банктің ақпараты бойынша, осы уақыт ішінде олар Отанына жалпы 1 трлн теңге аударған. Яғни, «көлеңкелі» тауарларды немесе қызметтерді өндіру ықтималдығы жоғары деген сөз.
Осы айтылғанды еске ала отырып, келесі мәселелерді қарастыруды ұсынамыз:
1. Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл саласында бірыңғай саясатты қалыптастыратын және үйлестіріп, жүргізетін бір мемлекеттік органды анықтау.
2. Жалған келісімшарттарға қарсы тұру үшін тауарды жеткізу тізбегі бойынша қосылған құн салығы (НДС) мен құжаттар қатар жүретін нақты бір жүйе құру қажет. Бұл жүйе толықтай цифрландырылған болуы шарт. Нәтижесінде бюджетке төленуі тиіс салықты Үкімет автоматты түрде есептеп беруі керек. Бұл әсіресе шағын және орта бизнеске үлкен көмек болар еді.
3. Халықты банктік карталар арқылы төлемдер жасауға ынталандыруымыз қажет. Оған әртүрлі іс-шаралар барысын ұсынуға болады. Олардың бірі – төлеген құн салығының (уплаченный НДС – депутаттың түсіндірмесі) бір бөлігін бонус (кэшбек) ретінде қайтаруға болады деп санаймын.