Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Депутат: Шекара маңындағы аумақтардың мәселесі шешіледі

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбай шекара маңындағы елді мекендердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды заң жобасының Мәжіліске енгізілгенін мәлімдеді. Бұл туралы депутат әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Qandastar.kz. 

Депутаттың айтуынша, шекаралық ауылдарда мектеп, аурухана, мәдениет үйі, балабақша, дәріхана сынды әлеуметтік нысандардың жабылып қалуы — өзекті әрі жан ауыртар мәселе.

«Елмен кездескен сайын шекаралық ауылдардағы әлеуметтік нысандардың жаппай жабылып жатқанын көріп жүрегім ауырады. Бұл мәселені Мәжіліс мінберінен көтердік, арнайы көшпелі отырыстар өткіздік, облыс басшыларымен жеке кездесіп, оң шешімдерге қол жеткіздік», – деді Нартай Аралбай.

Оның айтуынша, мәселені түбегейлі шешудің басты жолы — арнайы заң қабылдау. Осы мақсатта депутаттар тобы «Шекара маңындағы аумақтарды дамыту туралы» Қазақстан Республикасының заң жобасын әзірлеп, Мәжіліске енгізген.

Заң жобасының авторлары қатарында Ерлан Саиров, Ербол Бейсенбаев, Жанарбек Әшімжанов, Асхат Аймағамбетов, Нұрлан Сабильянов, Айдос Сарым, Ұлықбек Тұмашинов  бар.

Депутаттың айтуынша, заң жобасында тұрғын санына қарамастан әлеуметтік нысандарды сақтап қалу, шекаралық ауылдарға арнайы мәртебе беру, инфрақұрылымды дамыту және шекара маңындағы елді мекен тұрғындарының жалақысын арттыру сынды ондаған нақты норма қарастырылған.

«Бұл тарихи құжат шекара маңындағы миллиондаған халықтың өмірін жақсартуға ықпал етеді деп сенемін», – деп түйіндеді депутат.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button