Жаңалықтар
Депутат жастарды жұмыспен қамтуға қатысты ойын бөлісті
Фото: ашық дереккөз
Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тауарлардың шығарылған елін айқындау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бірінші оқылымда қаралды. Мәжіліс депутаты, Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар әзірлеген жаңа заң жобасының маңызына тоқталып, өзекті мәселелерге тоқталды, деп хабарлайды qandastar.kz
Елімізде бүгінгі күннің басты мәселесі – күн сайын өсіп жатқан баға мен ұлттық валютаның тұрақсыздығы. Бұл мәселе әр отбасыны алаңдатып отыр. Халықтың табысы азайып, ертеңгі күнге деген сенімі жоғалуда. Сондай-ақ, жыл сайын еңбек нарығына 2000 жылдардың басында дүниеге келген жүздеген мың жас қазақстандықтардың қосылуы экономикамызға үлкен жүктеме әкелуде. Біздің білімді әрі еңбекқор жастарымыз адал еңбек етіп, мансап құрып, болашағына сенімді болғысы келеді. Алайда елде өндірістік кәсіпорындардың жетіспеушілігінен лайықты жұмыс табу қиын. Бәріміз жуырда ғана Ұлттық қордан триллиондаған трансферттер мен салық жинаудағы үлкен мәселелерді қамтитын бюджет қабылдағанымызды еске алайық. Бұл мәселелер жайлы күн сайын БАҚ-та түрлі сын айтылуда – деді Елнұр Бейсенбаев.
Бұл ретте, депутат министрлер кабинетінің жұмысына да сын айтты.
Біздің министрлер журналистердің экономика қашан оңалатыны туралы сұрақтарына нақты жауап бере алмай отыр. Халықаралық жағдайға сілтеме жасаумен шектеледі. Бірақ мұндай жауаптар халықты ашуландырады. Адамдар бізден басқа әрекет күтуде. Сонымен қатар, Үкіметтің күн тәртібінен ел экономикасын екі есе ұлғайтуға бағытталған Жаңа экономикалық саясат та түсіп қалғанын көріп отырмыз. Бұл міндет кезінде Мемлекет басшысы тарапынан қойылып, бүкіл қоғамның қолдауына ие болған еді. Баршаға түсінікті: елімізге үлкен әрі жүйелі өзгерістер қажет. Сарапшылардың бәрі жаңа жұмыс орындарын ашатын, салық төлейтін және халықты отандық тауарлармен қамтамасыз ететін мықты өндіріс орындары керектігін айтады. Бірақ бұл өндірістер өздігінен пайда болмайды. Оларды дамыту үшін жағдай жасау керек. Бүгін біз осы бағытта үлкен қадам жасайтын заң жобасын талқылап отырмыз. Бұл заңды бастама көтеріп, жұмыс тобын басқарған – «AMANAT» партиясының депутаттары. Заңда қазақстандық тауарлардың реестрін құру мен жүргізудің адал әрі ашық шарттары қарастырылған, – деді ол.
Депутаттың сөзінше, бұл дегеніміз – еліміз бойынша жаңа өндірістердің ашылуы. Реестрге кіру бизнеске тегін болады және мерзімсіз негізде жүргізіледі. Өндіріс «Made in Kazakhstan» стандарты бойынша нақты талаптарға сай жұмыс істейтін болады. Өндірістің әрбір кезеңі цифрлық верификация арқылы бақыланады. Салық төлеу, жұмысшыларға әлеуметтік төлемдер аудару, жалақы мен коммуналдық төлемдер секілді көрсеткіштер жасанды интеллект арқылы үнемі тексеріліп отырады. Бұл процесс толықтай онлайн форматта жүзеге асырылып, бизнеске ешқандай қосымша жүктеме болмайды. Бұдан былай жалған кәсіпорындар, яғни бірде-бір қызметкерсіз, тек мөр мен қазақстандық белгі жапсырмалар арқылы миллиондаған теңге табыс тапқан ұйымдар тарих қойнауына кетеді.
Мемлекет жыл сайын қазақстандық өндірушілерді қолдауға триллиондаған теңге бөледі. Бұл – инфрақұрылым, салықтық жеңілдіктер, жеңілдетілген қаржыландыру, мемлекеттік сатып алулардағы басымдықтар және басқа да қолдаулар. Сондықтан Президенттің бизнеске жұмыс істейтін кәсіпорындар мен импортқа тәуелділікті төмендету талабын қоюы орынды. Халық та бюджеттен жұмсалған триллиондаған қаражаттың нәтижесін көргісі келеді: дүкен сөрелерінде сапалы отандық тауарлардың болуын және олардың бағасының тұрақтылығын күтеді. Бұл – экономикалық тәуелсіздік. Бүгін талқыланып жатқан заң жобасы мемлекеттік қолдауды нақты жұмыс істеп тұрған өндірістерге ғана бағыттауға мүмкіндік береді. Біз адал бизнес пен шынайы бәсекелестікке жағдай жасаймыз. Өткенде жіберілген қателіктерді қайталауға уақыт жоқ. Бұл заң осындай жағдайларға жол бермейді, – деді Елнұр Бейсенбаев.