Жаңалықтар

Депутат жауабы: Конституциялық комиссия не үшін қажет?

Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков Қазақстанда құрылған Конституциялық комиссияның маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, бұл — комиссия тек формальды құрылым емес, еліміздің саяси жүйесін жаңа сапалық деңгейге көтеретін реформалардың ауқымы мен тереңдігін есепке алған стратегиялық шешім. Бұл туралы Qandastar.kz порталы хабарлайды. 

«Қазір Қазақстан жаңа кезеңге қадам басып отыр. Ұсынылып отырған өзгерістер көлемі мен мәні жағынан жаңа Конституция қабылдауға тең. Сондықтан бұл жұмысты фрагментарлы немесе кулуарлы жолмен жүргізуге болмайды. Комиссия – жүйелі, кәсіби және кең өкілдікпен жұмыс істеуге арналған», – деді депутат facebook парақшасында. 

О. Құспековтің пікірінше, комиссияның құрамында мемлекет, бизнес, қоғамдық институттар, эксперттік орта, мәдениет және медиа өкілдері теңдей қатысқан. Сонымен қатар, барлық парламенттік партиялар – Amanat, Ақ жол, Ауыл, ОСДП, НПК, Respublica – және адам құқығын қорғаушылар да комиссия мүшелері қатарында.

Депутат атап өткендей, бұл формат  кәсіби, саяси, аймақтық және гендерлік тепе-теңдікке негізделген, және оның жұмысы еліміздің конституциялық дамуы үшін маңызды қадам болмақ.

«Комиссияның жұмысы – еліміздің болашағы үшін аса маңызды, ол кәсіби, жауапты түрде және белгіленген мерзімде жүзеге асырылатынына сенім мол», – деді Олжас Құспеков.

 

Back to top button