Түркістан облысының жас депутаты Нұрайым Шақимерген әлеуметтік желіде өзінің жеке өміріне қатысты ауыр әрі шынайы жазба жариялап, жас қыздарға, әсіресе әкесіз өскендерге арналған үндеуін жолдады, деп жазды qandastar.kz
Депутаттың айтуынша, ол отбасын құрамын деген сеніммен жүрген азаматынан қиын сәтте қолдау көрмей, жалғыз қалған. Нұрайым бұл жағдайдың оған эмоционалдық тұрғыдан ауыр тигенін жасырмай, сенген адамының шешім қабылдар кезде өзгелердің пікіріне тәуелді болғанын атап өтті.
«Мен өзімді емес, өзгелердің сөзін тыңдаған адамға ренжімеймін. Бұл — оның таңдауы. Ал мен өзімді таңдадым», — деді ол.
Нұрайымның өзінің жеке тәжірибесін жариялаудағы мақсат — басқа қыздарға, әсіресе әкелік мейірім көрмей өскендерге сабақ болу. Ол қыздарға өз бағасын түсірмеуді, сүйемін деген адамның ісімен дәлелдеуі керегін айтты.
Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Нұрайым Шақимергенмен арақатынасы мен одан ұлы бар деген қауесетке қатысты пікір білдіріп, бәрін мойындаған болатын.



