Жаңалықтар

Дінмұхамед Қонаевтың қарындасы Роза Қонаева өмірден өтті

Алматы қаласында 92 жасқа қараған шағында көрнекті ғалым, микробиолог Роза Қонаева дүниеден өтті. Ол – Қазақ КСР Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы болған Дінмұхамед Қонаевтың кенже қарындасы, деп жазады qandastar.kz.

Роза Ахметқызы 1956 жылы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін тәмамдаған. 1956–2016 жылдар аралығында Қазақстан ғылым академиясында қызмет атқарып, ғылым докторы, профессор атанды. Сондай-ақ Қазақ КСР-інің Молекулалық биология және биохимия институтын басқарған.

Ғалымның қайтыс болғанын депутат Бақытжан Базарбек мәлімдеді. Оның айтуынша, жұбайы Роза Ахметқызының жиені болып табылады.

«Мен оның ақыл-кеңестері мен демеу сөздерін жақсы есімде сақтадым. Бірде ол маған: «Бақытжан, кеше сен туралы мақала оқыдым. Жарайсың. Алға ұмтыл. Бірақ мейірімді әрі сақ бол — сенің кішкентай балаларың бар» деген еді. Ол әрдайым адамның көзіне тіке қарап, сөзін салмақтай айтып, қажет тұсында дәл таба білетін. Үнемі жылы жымиып жүретін, ішкі уайымын сыртқа білдірмейтін. Роза Ахметқызы текті әулетте дүниеге келген, бауырларының кенжесі болды және соңғы күніне дейін олардың әрқайсысын ыстық ықыласпен еске алып, отбасы тарихын бізге аманаттап өтті», — деп жазды Базарбек.

Back to top button