Қазақстан Үкіметінің отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ростислав Коняшкиннің мемлекеттік тілде жасаған баяндамасын жоғары бағалады, деп жазады qandastar.kz сайты Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Көлік-транзит саласына цифрлық шешімдерді енгізу туралы баяндама жасай шыққан Коняшкин трибунаға көтерілген сәттен бастап сөзін толық қазақ тілінде оқып берді. Бұл қадам Үкімет басшысының оң пікіріне ие болды.
«Жақсы, қазақ тілінде баяндадыңыз. Дұрыс – үйрену керек», – деді Олжас Бектенов.
Вице-министрдің айтуынша, қазір транспорттық-транзиттік саладағы 38 мемлекеттік қызметтің барлығы онлайн форматта көрсетіледі. 2024 жылы қызметтердің 94 пайызы электронды түрде орындалған, бұл цифрлық сервистердің азаматтар мен бизнес үшін қаншалықты қолайлы екенін көрсетеді.
Ростислав Коняшкин – мемлекеттік тілде сөйлегені үшін Үкімет басшысының мақтауына ие болған алғашқы шенеунік емес. Бұған дейін Премьер-министр Дмитрий Мунды да қазақ тілінде баяндама жасағаны үшін «сөзінде тұратын адам» деп атап өткен болатын.



