
Фото: скрин
Әлемге танымал әнші әрі актриса Дженнифер Лопес АҚШ-тағы The Tonight Show бағдарламасына арнайы қонақ болып, Алматыдағы концертінде орын алған есте қаларлық оқиғаны еске алды, деп хабарлайды qandastar.kz
Бағдарлама жүргізушісі Джимми Фэллон мен Джей Ло бұл сәтті әзіл-қалжыңмен бөлісті.
2025 жылдың 10 тамызында Алматыда өткен Дженнифер Лопестің әлемдік турының соңғы концертіне 20 мыңнан астам адам жиналды. Концерт барысында әнші орындау үстінде кенеттен мойнына шегіртке қонып, бұл сәт камераға түсіп қалды. Видеоролик желіде кеңінен таралып, Қазақстанда қызу талқыланған.
Дженнифер Лопес бағдарламада: «Алдымен мені бір нәрсе түрткенін сездім, бірақ мән бермедім. Кейін ол ұшпай, керісінше жоғарыға өрмелеп келе жатқанын түсіндім. Аяғымен мені шымшылап жатқандай болды. Бірақ кәсіби әртіс ретінде басты ойым – әнді соңына дейін орындау болды», – деді.
Ол шегірткенің үлкендігін көргенде, оны тікұшақпен салыстырған. «Прожектор жарығында шегірткенің мөлшері тікұшақтай болып көрінді», – деп әзілдеді әнші.
Дженнифер Лопес бұл оқиғаны жанды концерттердің табиғи әрі көңілді бөлігі ретінде қабылдайтынын атап өтті. Көрермендер мен студиядағы жүргізушілер оның сабырлылығы мен кәсібилігін жоғары бағалады.



