Шоу бизнес

Дженнифер Лопестің концерті Қазақстандағы қоғамдық тамақтану саласының пайдасын өсірген

Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі ақша-несие саясаты жөніндегі баяндамасын жариялап, онда ірі шетелдік әртістердің концерттері елдегі қоғамдық тамақтану нарығына елеулі ықпал еткенін атап өтті, деп жазады qandastar.kz.

Құжатта әлемдік тәжірибеде бұқаралық мәдени іс-шаралар жекелеген қалалардағы экономикалық белсенділікті арттыратын фактор ретінде қарастырылатыны көрсетілген.

«Қазақстанда мұндай әсерлер, мысалы, 2025 жылдың үшінші тоқсанында Астана мен Алматыда өткен Дженнифер Лопес пен Backstreet Boys сияқты әлемдік жұлдыздардың концерттері аясында байқалуы мүмкін. Бұл іс-шаралар жергілікті тұтынушылық белсенділіктің артуына ықпал еткен», – делінген баяндамада.

Ұлттық банктің бағалауынша, танымал әртістердің концерттері қоғамдық тамақтану қызметтерінің әлеуетті және нақты көлемі арасындағы алшақтықты 5–11%-ға дейін ұлғайтқан. Көрсеткіш орындаушыға және қалаға байланысты өзгерген.

Ең жоғары өсім Астанада тіркелді: концерттер қоғамдық тамақтану қызметтерінің алшақтығын шамамен 8,4%-ға арттырды.

Сонымен қатар, елордадағы Backstreet Boys концерті қоғамдық тамақтану көлемі ғана емес, бөлшек сауда көрсеткіштері бойынша да одан да жоғары әсер көрсеткені атап өтілді.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button