Әлем жаңалықтарыЖаңалықтар

Джонни Депптің адвокаты мен Әділет министрлігінің арасында қандай байланыс бар?

Фото: Радио онлайн

Америкалық заңгер Камилла Васкес Голливуд жұлдызы Джонни Депптің адвокаты ретінде танымал. Бірақ оның одан да құрметті клиенті бар болып шықты. Ол –  Қазақстанның Әділет министрлігі. Васкес ханымның Әділет министрлігін қандай қызметпен қамтып, қанша қаражатты қалтаға басқанын qandastar.kz талдап көрді.

Біріншіден, Джонни Депптің әйелі Эмбер Хердпен ажырасу процесінде көзге түскен екі заңгер – Камилла Васкес пен Бенджамин Чу Қазақстанда қайдан жүр? Белгілі болғандай, қос заңгер шілдеде Астанада студенттермен кездесуде бас қосқан. Бұл туралы жергілікті, тіпті халықаралық БАҚ, соның ішінде The Times of Central Asia жазды. Ресми түрде американдық заңгерлер «гендерлік теңдік және әйел құқығын нығайту мәселелері бойынша» тәжірибелерін ортаға салды-мыс.

Алайда, әлемге әйгілі Brown Rudnick заң фирмасы тіс қаққан заңгерлерді Қазақстанға тек студенттермен тілдессін деп жібермегені анық. Оrda.kz жазғандай, Әділет министрлігі дәл осы халықаралық заң фирмасымен ақпан айынан бастап ресми келісімшартқа отырған. Ал бұл келісім бойынша Қазақстан мүддесін Васкес қорғайды.

Brown Rudnick заң фирмасының ҚР Әділет вице-министрі Дэниел Ваисовпен шарты 28 ақпанда жасалған және 2024 жылдың соңына дейін жарамды. Құжатты АҚШ-тың шетелдік агенттер туралы  заңнамасы (FARA) қамтылған құжаттардан табуға болады.

Сілтеме: 1721656126_7376-exhibit-ab-20240228-1

Келісімшартқа сәйкес, фирма заңгерлері Әділет министрлігіне мынадай қызмет көрсетеді: БАҚ мониторингі, АҚШ пен Англия заңнамасына сәйкес клиенттің мүддесін қорғау, сотқа дейінгі және арбитражға дейінгі реттеуге жәрдемдесу. Корпорацияның қызметтері шартта тікелей көрсетілген және құжат саяси сипатқа ие. Ал бұл жұмыстардың жоғары деңгейде орындалуы Камилла Васкестің мойнында көрінеді. Тек келісімшарттың ең қызық бөлігі Әділет министрлігі көтеретін шығынға қатысты.

«Тапсырмалар тап-тұйнақ орындалады. Төлем заңгерлердің жұмсаған уақытына байланысты. Менің бір сағаттық жалақым – 1260 доллар», – делінген Камилла Васкестің келісімшартында. Ал қазіргі бағам бойынша 1260 доллар сомасы шамамен 600 мың теңгеге сәйкес келеді.

Бүгінде Васкес ханымның министрліктің қандай құқықтық мәселесін реттеп жатқаны белгісіз, бұл туралы ашып айту да ерте. Дегенмен, Brown Rudnick қызметкерлерінің Астанаға сапарынан кейін-ақ (16 шілде) Әділет министрлігі молдовалық бизнесмендер Анатоль және Габриэль Статимен бітімгершілік келісімге келгенін мәлімдеді.

Ал бұған дейін Статимен «соғыс» 14 жылға созылған болатын және мемлекетке бұдан едәуір шығын келді.

М.СНАДИН

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close