
Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі Конго мен Угандада Эбола қызбасының өршуіне байланысты азаматтарға ескерту жасады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Министрліктің мәліметінше, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы аталған жағдайға байланысты халықаралық маңызы бар төтенше жағдай жариялаған.
Қазір аурудың таралуына Эбола вирусының сирек кездесетін Bundibugyo штаммы себеп болып отыр.
Мамандардың айтуынша, бұл штаммға қарсы нақты ем де, арнайы вакцина да әзірленбеген.
Вирус жұқтырған адаммен немесе жануармен тығыз байланыс кезінде, әсіресе биологиялық сұйықтықтар арқылы таралады. Осыған байланысты ведомство шетелге шығатын азаматтарды сақтық шараларын қатаң ұстануға шақырды.
«Сапар алдында баратын елдегі эпидемиологиялық жағдаймен танысып, жеке бас гигиенасын сақтау қажет. Егер шетелден оралғаннан кейін ауру белгілері байқалса, дереу дәрігерге жүгініп, сапар фактісін хабарлау керек», – деп ескертті министрлік.
Сондай-ақ мамандар өз бетінше ем қабылдамауға кеңес берді.



