Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

eGov.kz жұмысындағы ақауға ҰАТ түсініктеме берді

21 тамызда қазақстандықтар eGov.kz порталы мен бірқатар мемлекеттік онлайн сервистердің жұмысына қатысты қиындықтарға тап болды. Ұлттық ақпараттық технологиялар АҚ уақытша қолжетімсіздіктің себебін түсіндіріп, қазіргі уақытта мемлекеттік цифрлық ресурстардың қалыпты режимде жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеді.

21 тамызда қазақстандық пайдаланушылар eGov.kz порталы мен бірқатар мемлекеттік онлайн қызметтердің жұмысына қатысты ақауларға шағымданды. Осыған байланысты Ұлттық ақпараттық технологиялар АҚ ресми түсініктеме берді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.

Detector404.kz сервисінің мәліметінше, бірнеше сағат ішінде eGov.kz, «Е-Өтініш» платформасы және кейбір мемлекеттік органдардың сайттарына қатысты шағымдар саны айтарлықтай көбейген.

ҰАТ өкілдерінің айтуынша, мемлекеттік ақпараттық жүйелер қалыпты режимде жұмысын жалғастырып жатыр. Алайда сыртқы интернет-трафиктің күрт артуына байланысты ұлттық цифрлық инфрақұрылымды қорғау тетіктері автоматты түрде іске қосылған. Соның салдарынан кейбір мемлекеттік ресурстарға интернет арқылы қысқа уақытқа қолжетімділік шектелген.

Компания мәліметінше, қорғаныс жүйелері сыртқы белсенділікке жедел әрекет етіп, мемлекеттік цифрлық платформалардың қауіпсіз жұмысын қамтамасыз еткен.

Қазіргі уақытта интернет-трафик толық қалпына келтіріліп, барлық негізгі мемлекеттік сервистер штаттық режимде жұмыс істеп тұр. ҰАТ мамандары жүйелердің тұрақты жұмысын бақылауды жалғастырып жатқанын айтып, кеңінен тараған «жүйеде ақау болды» деген ақпаратты растамады.

Back to top button