Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Екі адам қаза тапқан жол апаты: Шавкат Рахмоновтың бұрынғы әйеліне сот үкімі шықты

Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты екі адамның қаза болуына себеп болған жол-көлік оқиғасына қатысты істі қарап, үкім шығарды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Сот материалдарына сәйкес, қайғылы оқиға 2025 жылғы 27 шілде күні таңғы сағат 08:30 шамасында Мойынқұм ауданындағы «Алматы-Екатеринбург» автожолында болған.

«Toyota Land Cruiser» көлігін басқарған келіншек шаршаған күйде рөлге отырып, жол қозғалысы ережелерін бұзған. Көлікті басқара алмай, қарсы бағытқа шығып кеткен жүргізушінің автокөлігі аударылған.

Апат салдарынан көліктегі екі жолаушы – сотталушының туысы мен жақын танысы ауыр жарақат алып, оқиға орнында көз жұмды. Жүргізушінің өзі ауруханаға жеткізілген.

Сот отырысында прокурор айыпталушыны 5 жылға бас бостандығынан айырып, қосымша 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айыруды, сондай-ақ жазаны өтеуді 5 жылға кейінге қалдыруды сұрады.

Ал жәбірленуші тараптар сотталушыны кешіріп, қатаң жаза тағайындамауды өтінген.

Сот айыпталушының төрт кәмелетке толмаған баласы бар екенін (жастары 2 мен 9 аралығында) ескеріп, бұл жағдайды жеңілдететін мән-жай ретінде таныды.

Үкімге сәйкес, әйел кінәлі деп танылып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, оған 7 жылға көлік құралдарын басқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.

Алайда сот Қылмыстық кодекстің 74-бабына сәйкес, жас балаларының болуына байланысты жазаны өтеуді 5 жылға кейінге қалдыру туралы шешім қабылдады.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button