Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Экономист шетелдік такси сервистерінен бас тартқанын айтты

Экономист Олжас Құдайбергенов қазақстандық цифрлық сервистерді, соның ішінде отандық такси қосымшаларын қолдауға үндеді. Ол бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. деп хабарлайды Qandastar.kz порталы. 

Оның айтуынша, жуырда Aparu атты отандық такси сервисін байқап көрген.

«Жақында Aparu деген отандық қосымшаны байқап қалдым. Бұрын назарымнан тыс қалыпты, ал шын мәнінде оның 1 млн-нан астам жүктелуі бар екен. Иесі, директоры немесе қызметкерлерін танымаймын, бірақ елімізде осындай қосымшаның барына қуандым», – деді ол.

Экономист кейіннен Қазақстанда өзге де балама сервистер бар екенін анықтағанын атап өтті. Атап айтқанда, Sooncar.kz, Jetem App, Alaman.app, Elim Taxi, Motor Taxi және NomadGo қосымшаларын атады.

Осыған байланысты Олжас Құдайбергенов шетелдік такси сервистерінен бас тарту туралы шешім қабылдағанын айтты.

«YandexGo қосымшасын өшірдім, ал басқа шетелдік сервистерді мүлде орнатпағанмын. Қазір Aparu-ды пайдаланып жүрмін, қалғандарын да сынап көріп, ең қолайлысын таңдаймыз», – деді экономист.

Сондай-ақ ол қазақстандықтарды отандық сервистерді таңдауға шақырды.

«Биыл шетелдік сервистерден толық бас тартамын, егер отандық баламасы болса. Қателіктері мен ақауларына түсіністікпен қараймын, бірақ оларды жетілдіру үшін талап қоямын. Ең бастысы – отандық қосымшаларды қолданамын», – деп жазды Олжас Құдайбергенов.

Экономистің бұл үндеуі отандық IT-саласын дамыту мен ұлттық цифрлық өнімдерді қолдау мәселесін қайтадан күн тәртібіне шығарды.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button