Әлеумет және қоғам
ЭКСПО-ның бұрынғы басшысы Талғат Ермегияевтің адвокаттары істі қайта қарауды талап етті

Фото: Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі
Адвокаттар Анара Құсайынова мен Қуаныш Төлегенев «ЭКСПО-2017» бұрынғы басшысы Талғат Ермегияевке шығарылған үкім заңсыз деп санайды, деп жазды qandastar.kz
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қорғаушы тараптың айтуынша, негізгі куәгердің психикалық ауытқушылығы бар және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тарапынан қысымға ұшыраған. Оның айғақтары адвокаттарсыз, тіпті түнде де берілді дейді.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Ермегияевке қарсы айғақ алу мақсатында тергеу жүргізудің рұқсат етілмеген әдістерін қолданып қана қоймай, бірнеше ай бойы заңды күшіне енген сот актілерінің орындалуына кедергі келтірді», – деді адвокат.
Қорғаушылардың айтуынша, Ермегияевке пара беру фактісі бойынша қылмыстық істе тікелей айғақ жоқ. Ал сот органдары сотта зерттелмеген психиатриялық сараптаманың қорытындысына сілтеме жасаған. Ол тіпті іске қосылмаған екен.
Еске салайық, бұған дейін Талғат Ермегияев 2016 жылдың маусым айында 14 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Ол қомақты көлемде пара алды деп айыпталған. Ермегиявтің түрме басшыларының арқасында емін-еркін шалқып өмір сүргені хабарланған-ды. Сондай-ақ оның колония ішінде жүріп тағы қандай тәртіп бұзғаны анықталды. «Экспо-2017» ұлттық компаниясының экс-төрағасы, жеке аспазшы жалдап, телефон ұстап қана қоймай, ресми әйелімен де және азаматтық некедегі жарымен де емін-еркін көрісіп тұрған. Оған қоса сотталушының заттарды бөлшектеп қораптайтын цехтың ішін жөндетіп, оны өзінің жеке пәтеріне айналдырғаны расталды.
«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысының қорғаушысы Алла Котлова Талғат Ермегияевтің ісі соттан сұратып алынып, тексеруге жіберілгенін мәлімдеген еді.