Танымал қазақстандық дзюдошы, Париж олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов әлеуметтік желіде ұлымен түскен суретін жариялап, оны «үлкен допингім» деп атады, деп жазады qandastar.kz
Париж Олимпиадасында 60 килограмға дейінгі салмақта топ жарып, алтыннан алқа таққан дара спортшы жеке өмірін көпшілікке сирек көрсетеді.
Белгілісі – Елдос Сметовтың жұбайы бар, олар Мариям, Омар, Жібек, Мұхаммад және Абдуллах атты бес баланы тәрбиелеп отыр.
«Менің үлкен допингім – екінші Сметов», – деп жазды спортшы баласымен түскен суретінің астына.

Еске сала кетейік, тарихи жеңістен кейін Елдос Сметов ешбір жарысқа қатысқан жоқ. 2025 жылдың жазында спортшының иығына ота жасалған болатын. Сол кезде ол 2028 жылғы Олимпиада ойындарына дайындалатынын мәлімдеген еді.
Кейінірек дзюдошы қалпына келу үдерісі жалғасып жатқанын, алайда 2026 жылы қайта жаттығу мен жарыстарға оралуды жоспарлап отырғанын тағы бір жеткізді.
Біле білсек, Париж Олимпиадасына дейін Елдос Сметов қос рет Олимп жүлдесін жеңіп алған: Рио – 2016 ойындарында – күміс, Токио додасында – қола медальға қол жеткізген.
Париж – 2024 додасының финалында Елдос Сметов жарыс иелерінің бірі – француз Лука Мхеидзені айқын басымдықпен ұтып, Қазақстан тарихындағы дзюдодан алғашқы Олимпиада алтынын жеңіп алды.




