
Париж Олимпиадасының чемпионы, танымал дзюдошы Елдос Сметов жұбайының туған күніне орай құны 12-15 миллион теңге аралығында бағаланатын жаңа автокөлік сыйлады. Бұл туралы спортшының әлеуметтік желідегі парақшасына сілтеме жасаған qandastar.kz хабарлайды.
Жарияланған бейнекадрларда Елдос Сметовтың жұбайын көзі байлаулы күйде үйден шығарып, сыртта тұрған Hyundai Mufasa маркалы автокөлікке алып келгені көрсетілген. Қазақстанда бұл модельдің бағасы 12 миллион 200 мың теңгеден 15 миллион 300 мың теңгеге дейін жетеді.

«Келіңіз, далаға шығайық. Біз сізге бір нәрсе дайындап қойдық», – дейді спортшы видеода.
Айта кетсек, Елдос Сметов соңғы жекпе-жегін 2024 жылы Париж Олимпиадасында өткізіп, 60 келі салмақта француз спортшысы Лука Мхеидзені финалда жеңген болатын. Бұл – Қазақстан тарихындағы дзюдодан алғашқы Олимпиада алтыны.



