Әлемдік рейтингте бесінші орында тұрған қазақстандық теннисші Елена Рыбакина финалда Беларусь өкілі, әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенко-мен кездесті. Australian Open турнирі Мельбурн қаласында хард жабынында өтті, деп жазды Qandastar.kz.
Финалдық матч барынша үш сетке созылып, 6:4, 4:6, 6:4 есебімен Рыбакинаның пайдасына аяқталды. Теннисшілер кортта 2 сағат 18 минут бойы ойын көрсетті.
26 жастағы Елена Рыбакина мансабында алғаш рет Australian Open турнирінің чемпионы атанды. Бұл — оның Grand Slam турнирлеріндегі екінші жеңісі. Бұған дейін, 2022 жылы, ол Wimbledon Championships турнирінде (шөп жабыны) топ жарған болатын.
Арина Соболенко Australian Open финалында екінші жыл қатарынан жеңіліс тапты. Өткен жылы турнир чемпионы америкалық теннисші Мэдисон Киз атанған еді. Ал бұған дейін Соболенко екі рет чемпион болған.
Мельбурндағы хард жабындыдағы Grand Slam қорытындысы бойынша Соболенко әлемдік рейтингтегі көшбасшылығын сақтайды. Ал Елена Рыбакина бесінші орыннан үшінші сатыға көтеріледі. Екінші орында польшалық теннисші Ига Швёнтек болады.