Жаңалықтар

Елімізде баспана бағасы 15 пайыз өседі – сарапшылар

Фото: ашық дереккөз

Сарапшылар елімізде келесі жылы пәтер құны 10-нан 15 пайызға дейін көтеріледі деген болжам айтты. Бұл туралы qandastar.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Баспананың қымбаттауының себебі құрылыс саласына 12 пайыздық қосылған құн салығы қайта енгізілмек. Ал құрылыс компаниялары сол салықты қалтадан шығармас үшін шаршы метр құнына қосады дейді мамандар. Су жаңа үйлердің құны шарықтаса, ескі пәтерлер де қымбаттайды деген сөз.

12 пайыздық құн салығы дегеніміз жаңалық емес. Елдегі құрылыс компаниялары сонау 2001 жылы осы салықтан босатылған. Осылайша үкімет үйдің бағасын арзандатпақ болды. Енді сол салық келер жылдан бастап қайта енгізілгелі отыр. Бұл бағаға кері әсер етеді дейді сарапшылар.

Құрылыс компанияларына жеңілдік берілген 2001 жылдан бастап су жаңа баспананың құны 21 есе қымбаттапты. Қайтарда бұл сан тағы өскелі тұр.

«Қазір құрылыс компаниясы үй салып, орта есеппен 15 пайыз пайда табады. Егер 12 пайыздық салық енгізілетін болса, құрылыс компаниясы нөлге жұмыс істейді деген сөз. Сондықтан оларда екі-ақ бағыт бар: пайдасыз істейді немесе шаршы метр бағасын көтереді”, – дейді Қазақстан құрылысшылар одағы Астана филиалының директоры Вячеслав Лазарев.

Әрине, екінші нұсқаны таңдайтыны белгілі. Осылайша түбінде зардабын тартатын — қарапайым тұтынушы. Өйткені келесі жылы жаңа салынған үйлер аспандайтын болса, сәйкесінше, ескі үйлердің құны да қатарласып қымбаттайтынына риелторлар сенімді.

«Өйткені, бірінші санаттағы тұрғын үй бағасы тым қымбат болады. Сәйкесінше, екінші санаттағы үйдің иесі екінші санатты сатып, бірінші санаттағы пәтер алғысы келеді ғой. Сәйкесінше, екінші санаттағы үй бағасы сол бірінші санаттағы үйдің бағасына қарай өзгереді. Бағасы өссе, сатып алу мүмкіндігі азаяды. Бұл жалпы жылжымайтын мүлік нарығына тікелей әсер етеді”, – дейді риелтор Шахрух Асқаров.

Тұрғын үй нарығының қандай өзгеріске ұшырайтынын уақыт көрсетеді. Бірақ дәл қазір пәтер бағасы айтарлықтай тұрақталып қалды дейді риелторлар. Алматыда 40 шаршы метр бір бөлмелі пәтердің құны шамамен 25-30 миллион теңгенің төңірегінде. Енді 12 пайыздық салық енгізілсе, дәл сол үйдің құны қаншаға шығатынын келесі жылы салыстырып көреміз.

Еске салсақ, осыған дейін елімізде баспананы сақтандыру міндеттелетіні туралы жазғанбыз.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close