Білім
Елімізде білім беру гранттары артты

Фото: Ақорда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа адамдар» форумында Қазақстандағы білім беру жүйесіндегі өзгеріске тоқталды. Мемлекет басшысы білум беру грантының ұлғайғанын айтты, деп жазды qandastar.kz
«Мектеп түлектерінің жоғары оқу орнына немесе колледжге грантқа түсу мүмкіндігі зор. Соңғы жылдары грант санын айтарлықтай ұлғайттық. «Болашақ» бағдарламасымен мыңдаған жас шетелде білім алуда. Олар Қазақстанға келген соң ел дамуына үлес қосады. «Президенттік жастар кадр резерві» сұранысқа ие жобаға айналды. Келешекте мемлекетті басқарушылардың негізгі легі осы жас мамандардан қалыптасады. Саяси реформалар аясында Мәжіліс пен мәслихаттарда жастар үшін арнайы квота енгізілді. Бұл өкілдік билік қызметіне тың серпін берді. Осы жерге жиналған білімпаз, отаншыл жастар мәслихаттың немесе Парламенттің құрамына кіретініне, тіпті Үкіметте жұмыс істейтініне кәміл сенемін”, — деді Президент.
Сондай-ақ мемлекет басшысы жас кәсіпкерлер мен отбасыларды қолдауға айрықша мән берілетінін айтты. Мысалы, бизнесті дамытуға және баспана алуға жеңілдікпен несие беру қарастырылған.
Бұл балалар мен жастардың өмірден өз орнын табуына жағдай жасауға бағытталған бағдарламалар мен жобалардың бір парасы.