Жаңалықтар

Елімізде міндетті әскери қызметті жоюға қатысты петиция жарияланды

Фото: ашық дереккөз

Қазақстанда міндетті әскери қызметті алып тастауды талап ететін петиция жарияланды. Ол Қазақстан Қорғаныс министрлігіне жолданды. Бұл туралы qandastar.kz  хабарлайды.

Петиция авторлары әскерде болып жатқан қайғылы оқиғаларға наразы. Олар атап көрсеткен басты мәселе – әскердегі әлімжеттік.

“Қазақстан армиясындағы қайғылы оқиғалардың негізгі себептерінің бірі «әлімжеттік». Әскери қызметке шақырылған жас жігіттер жоғары офицерлердің зорлық-зомбылығы мен қысымына жиі ұшырайды. Бұл психологиялық жарақатқа, тіпті өз-өзіне қол жұмсауға дейін алып барады. Екіншіден, сарбаздар әскерге тиісті дайындықсыз барады. Үшіншіден, әскердегі медициналық бақылау мен қауіпсіздік мәселесі де ақсап тұр”, – делінген петицияда.

Медициналық бақылаудың жеткіліксіздігі де шет қалмаған.

«Көптеген жастар әскери қызметке байланысты психологиялық қысымды көтере алмайды. Психологиялық қолдаудың жоқтығы мен командирлер тарапынан түсінбеушілік бұл мәселені одан сайын шиеленістіреді. Соның салдарынан сарбаздар арасында өз-өзіне қол жұмсау жағдайлары тіркеледі», – деді петиция авторы.

Петиция epetition.kz сайтында жарияланған. Ол 4 қазанға дейін талқылауда болады.

Еске салсақ, бұған дейін Маңғыстау облысындағы «Оймаша» полигонында «Батыс» өңірлік қолбасшылығы бөлімдерінің жиыны кезінде сарбаз көз жұмғаны туралы хабарлаған едік. 9 қыркүйекте Бас әскери прокуратура батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының қасақана кісі өлтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастағанын мәлімдеген.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close