Білім

Елімізде мұғалімдерге қандай жағдай жасалған?

Фото: ашық дереккөз

«Алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі». Мектеп табалдырығын жаңа аттап, оң-солын танымаған баланы білім нәрімен сусындатып, өмірден өз орнын табуға жол ашатын ұстаздар қауымына ақын Мағжан Жұмабаев осындай баға беріп кеткен. Мереке қарсаңында білім саласына шолу жасап, мұғалімдерге жасалған мүмкіндіктерді жіпке тізуді жөн таптық.

Елімізде қанша педагог еңбек етеді?

Оқу-ағарту министрлігі ұсынған дерекке сүйенсек, еліміздің мектептерінде 340 958 мұғалім еңбек етеді. Оның 274 310-ы нәзік жанды мамандар болса, 66648-ы ер мұғалімдер. Ал техникалық және кәсіптік білім беру бойынша 36 315 ұстаз жұмыс істейді. Оның 24 455-і әйел мұғалімдер, 11860-ы ер адамдар.Мектепке дейінгі ұйымдардағы педагогтер саны – 97 188. Оның 94 648-і нәзік жандылар болса, 2540-і ер жынысты мамандар.

Білім министрі 2024 жылғы 2 сәуірдегі бұйрықпен педагогтерді аттестаттаудан өткізу ережелері мен шарттарын бекітті. Педагогтерді, әдіскерлерді, білім беру ұйымдары басшысының орынбасарларын, аттестаттау кемінде бес жылда бір рет өткізіледі.

Өз кезегінде білім беру ұйымдарының басшылары үш жылда бір рет аттестаттаудан өтеді.

Бүгінде педагогтардың 220 мыңнан астамына аттестация қорытындысы бойынша тағайындалған біліктілік санаты үшін жалақысына үстемақы төленеді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 4 жыл ішінде педагогтердің жалақысы 100%, яғни 2 есе артты. Сондай-ақ 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру педагогтерінің еңбекақысы 30% көбейген.

Қандай артықшылық қарастырылған?

2022 жылдан бастап жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін дайындаған мұғалімдерге келесі мөлшерлерде біржолғы сыйақы беріледі.

– l дәрежелі диплом және алтын медаль иегерін дайындаған педагогке – базалық жалақының 26,5 еселенген мөлшері;

– ІІ дәрежелі диплом және күміс медаль иегерін дайындаған оқытушыға – базалық жалақының 17,5 еселенген мөлшері;

– үшінші дәрежелі диплом және қола медаль иегерін дайындаған оқытушыға – базалық жалақының 8,5 еселенген мөлшері.

Елімізде 700-ге жуық «Үздік педагог» бар

«Үздік педагог» республикалық конкурсы 2012 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақытқа дейін 700-ге жуық жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған мықтылар анықталды.

Педагогтердің қоғамда оң имиджінің қалыптасуына, ұстаз мəртебесінің артуына, білім беру саласына тəуелсіз сараптама жасап, үздіктерін анықтап, оларды көтермелеу бағытында қоғамдық сектордың маңыздылығы зор.

«Үздік педагог» атағына білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін және құжаттарды тапсыру кезінде кемінде бес жыл үздіксіз педагогикалық өтілі бар педагогтер үміткер бола алады. Бұл – балабақша, мектеп, колледж мұғалімдері. Байқау аясында мұғалімнің білім саласын дамытуға қосқан үлесі, ұстаз қызметінің тиімділігі мен оның кәсіби шеберлігі ескеріледі», – деді Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев.

Айта кетерлігі, «Үздік педагог» атағының иегерлеріне 1 мың АЕК көлеміндегі ақшалай сыйақы ғана емес, төсбелгілер де беріледі.

Кадр жетіспеушілігі сезіліп отыр

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы мұғалімдерге деген қажеттіліктің өзі 4 600-ден асып отыр. Астана қаласының өзінде жыл сайын мың мұғалім қажет.

Айталық, елордада бастауыш сынып, математика, информатика, ағылшын тілі және басқа да пән мұғалімдерінің жетіспеушілігі сезіліп отыр.

Мемлекет басшысы Үкіметке Астанада жаңа педагогикалық ЖОО құру мәселелерін пысықтауды тапсырды. Бүгінгі таңда республикада 49 университеттің кадрларды даярлауда педагогикалық бағыт бойынша лицензиялары бар. Педагогикалық бағыттар бойынша білім алушылардың саны шамамен 186 мың студент. Оның ішінде мемлекеттік тапсырыс бойынша 43 мыңнан аса студент оқиды, – делінген хабарламада.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close