Жаңалықтар
Елімізде мұнай кен орындары сарқылып жатыр

Фото: ашық дереккөз
Елімізде мұнай кен орындары сарқылып жатыр , деп жазды qandastar.kz
Тіпті ескі жерлерде қара алтынды игеру қиындай түсті. Энергетика министрілігінің мәліметінше, бұрынғы орындардан шығатын мұнайға көп мөлшерде су араласады. Әрі басым бөлігі тұтқырлы және төмен өткізгішке ие карбонатты қоймаларда орналасқан. Сондықтан жаңа кен орындары қажет. Ол үшін «жер қойнауы туралы» кодекске түзету енгізіп, геологиялық барлау жұмыстарына жылдам көшу керек дейді ведомство өкілдері. Сарапшылардың пікірінше, бізде мұнай қорының тек бестен бірі ғана игеріледі. Қалғаны зерттелмеген күйі жатыр. Сондықтан қара алтынды жерге көтеретін технология әкеп, тың әдіске көшу маңызды.
«2015-2016 жылдары Қызылорда өңірі 9 млн мұнай өндіретін болса, қазіргі таңда 3,5 млн-ға түсіп қалды. Инвесторлардың өзі «соңғы 15 жылда мұнайдың дәуірі бітеді, жасыл энергия мұнайды жеңеді» деген фейк жаңалықтың жетегінде жүріп, тіпті мұнай қорына ақша салуды тоқтатып қойды да, қазіргі таңда зардабын шегіп жатыр», — деді KazService одағының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықов.
Соңғы жылдары игеріліп жатқан жаңа кен орындары жоқ емес – бар. Бірақ тым аз, 15-ақ пайыз. Мәселен былтыр 88 млн тонна мұнай өндірсек, соның тек 13 млн-ы жаңа кен орындарынан алынған. Өткен жылы жалпы 28 жерден қара алтын игеру бастамалары көтерілген. Сонымен қатар 8 алаңда алғашқы сынақ өткізу көзделген.
«Бізде бүкіл Менделеев таблицасы болғанымен бізде Қаныш Сәтбаев бар ма қазіргі таңда. Осыны ертең ұқсатып бере алатын», — деді Жақсылықов.