ЖаңалықтарҚаржы және төлемдер
Елімізде онлайн несие алу қиындай түседі
Енді онлайн несие алу айтарлықтай қиындай түсуі мүмкін. Себебі, банктер өтінімді түскен бойда мақұлдамайды. Яғни, кемі бір күн өтуін күтеді. Осылайша, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тұтынушыларды алаяқтардан қорғауды көздеп отыр, деп хабарлады Qandastar.kz.
Бұл бастаманың қаншалықты тиімді болары әзірге белгісіз. Өйткені, заң қабылданып, шектеулер енгізілгенімен, тұтынушылық несие алатын азаматтар саны азамай тұр.
Ұлттық банк дерегінше, жыл басынан бері тұтынушылық кредит көлемі 24 пайызға ұлғайып, 12 триллион 8 миллиард теңгеге жеткен. Демек, өсім 2,5 триллион теңгені құрап отыр. Ал, несиелену көрсеткіші бойынша көш басына үш ірі мегаполис халқы жайғасқан. Мәселен, алматылықтар 3 триллион 900 миллард теңге, астаналықтар 1 триллион 300 миллиард, шымкенттіктер шамамен 1 триллион теңге қарыз алған.
«Информбюро 31» жаңа жылдан бастап онлайн несие рәсімдеу қиындайтынын мәлімдеді. Себебі, өтінім берген тұтынушы биометриялық сәйкестендіруден өтіп қана қоймайды, жеке басын растау үшін электрондық цифрлық қолтаңбасын қолдануға міндетті.
Бұл тәртіп банк клиенттерін алаяқтардан қорғаудың бір амалы. Және микроқаржы ұйымдары ақшаны аударғанға дейін банк шотының немесе төлем картасының тұтынушыға тиесілі екенін тексеруі шарт. Әрі банктер онлайн несие алуға қатысты түскен өтінімді сол сәтте-ақ мақұлдай алмайды. Өйткені, қаржы нарығын реттеу агенттігі кемі бір күн күтуге кеңес берген. Демек, сұранымды бөгде адам жолдаса, тұтынушы кредиттен бас тарта алады. Әрине, жаңашылдық алаяқтар құрған қақпаннан құтқаруы ықтимал. Бірақ негізгі проблеманы шешпейді деді сарапшылар. Себебі, халықтың шамадан тыс несиелену көрсеткіші ұлғаймаса, кеміп жатқан жоқ екен. Мәселен, кейінгі 9 айда тұтынушылық несие көлемі 2,5 триллион теңгеге артқан. Ал, тұрғындар несие күнделікті қажеттілікті өтейтін құралға айналғанын жасырмайды.
Мәселен, экономист Жангелді Шымшықов халықтың шамадан тыс несиелену мәселесі қандай да бір шектеу не тыйым салу арқылы шешілмейді деді. Пікірінше, ел тұтынатын тауар қолжетімді болғаны абзал. Ол үшін тұтынушылық несие әлем елдеріндегідей 2-3 пайызбен берілуге тиіс.
– Бүкіл әлем бойынша 2-3 пайыз тұтыну кредиті. Енді сен тұтыну кредитіне кіріп кеттің, 30-35 пайыз. Бітті саудаң. Одан кейін сен тағы бір кредит аласың. Енді қазір оны доғарамыз деп жатыр ғой. Бірақ дегенменде қазаққа оның жолын табу оңай. Сенің атыңа, мына кісінің атына, ана кісінің атына сөйтіп бір-біріміздің атымызға жазып бәрібір ала береміз, – дейді ол.
Яғни, ең алдымен Ұлттық банк ақша-несие саясатын қайта қарауы қажет дейді сарапшы. Пайымынша, инфляцияға монетарлық құбылыс қана емес, импорттың да әсері зор. Сондықтан, тежеуші күш есебінде базалық ставканы жоғары деңгейде ұстамауға тиіс. Керісінше, түсіруі керек. Сол кезде шағын және орта кәсіп өкілдері көбірек несие алып, экономикалық тұрақтылықты қамтуға ықпал етеді. Десе де, жоғары мөлшерлеме депозит көлемінің ұлғаюына сеп болып отыр. Мәселен, қыркүйек айындағы салымдар 142 миллион теңгеге артып, 22,3 триллион теңгеге жетіп отыр. Ал жыл басынан бері депозит қоры 2 триллион теңгеге өскен.