Жаңалықтар
Елімізде жұмыссыздық мәселесі күрделеніп барады
Ресми статистика деректеріне сүйенсек, Қазақстандағы жұмыссыздық жағдайы – өзге посткеңестік мемлекеттерге және алыс шет елдерге қарағанда салыстырмалы түрде жақсарып келе жатқандай көрінетіні рас,-деп хабарлайды Qandastar.kz
Соңғы 5 жылда еліміздегі жұмыссыздық деңгейі 4,8-5,2% деңгейінде тоқтады, ал АҚШ-та, мысалы, тербеліс дәлізі кеңірек 3,9-7,4%, басқа дамушы елдерде жұмыссыздық деңгейі тұрақты түрде 10%-дан асуы мүмкін.
Алайда, статагенттіктер ұсынған Қазақстанға қатысты ресми деректер елдегі жұмыссыздықтың шынайы бейнесін толық көрсетіп бере алмайды. Себебі, біздегі жұмыссыз азаматтардың дені жергілікті жерлердегі жұмыспен қамту орнына немесе «Электронды Үкімет» порталы арқылы ресми тіркелуге пейілі жоқ. Көбі өз бетінше жалдамалы жұмысқа жегіледі, болмаса, таныс-тамырлары арқылы жұмыс табылғанша еш жерге тіркелместен жүре береді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде қазақстандық жастардың шамамен 40%-ы жұмысқа орналасу проблемасына тап болатындығын, және де 51%-ға жуығы бизнеспен айналысуды жоспарламайтындығын тілге тиек еткен еді.
Мемлекет басшысы меңзеп отырғандай, қазіргі таңда ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптік өндірістер экономиканың негізгі секторлары болудан қалды, қазір жастар бұл салаларда жұмыс істеп, өз болашағын жақсартамын дегенге сенбейді. Оның үстіне елдегі қызмет көрсету саласының қарқынды дамуы күнкөріс көзі ретінде алғы шепке шықты.
Қазақстан заңдары бойынша жұмысқа қабілеттілер қатарына 16 жастан 60 жасқа дейінгі аралықтағы азаматтар кіреді. Бұл, бірінші талап. Демек, 16 жасқа дейінгі балалар мен зейнеткерлер жұмыс күшінің құрамына жатпайды.
Екінші талап, жұмыспен қамту мәртебесі, яғни, жұмыс күшіне кіру үшін адамның жұмыспен айналысуы немесе белсенді жұмыс іздеу үстінде болуы шарт. Біздің жағдайымызда, еңбекке қабілетті жастағы барлық адамдардың ішінде студент жастар жұмыс күші қатарына кірмейді.
Енді, ресми мәліметке сүйенер болсақ, мемлекеттік қызмет пен жеке кәсіп иелерін есептемегенде, жұмыс сұрап жергілікті жұмыспен қамту қызметіне жүгінген аз ғана адам жұмыссыздар тобын құрайды. Шынтуайтында, қоғамда жастардың атынан тіркелген құжатымен жұмыс істеп жүрген зейнеткерлер де бар.
Жұмыссыздықпен күрес тұрғысынан қарағанда, моноқалаларда қиын жағдай туындап отыр. Көмірсутек шикізаты мен пайдалы қазбалы кен орындарының сарқылуына және өндіріс орындарындағы автоматтандырудың дамуына байланысты мұндай өңірлерде еңбек адамына деген сұраныс азаюда.
Жер қойнауын пайдаланушылардың өнімі әлемдік нарықта арзандап кетуі де жергілікті жердегі жұмыссыздар санының артуына ықпал етіп отыр. Өткен жылы Маңғыстау облысында, оның ішінде Жаңаөзенде ереуілге шыққан жұмыссыздар наразылығы сөзімізге дәлел.
Қазір Маңғыстау облысының басшылығы аймақ экономикасын әртараптандыруға, өз өңірінде қызмет көрсету саласын дамытуға ден қойды. Мұнай-газ секторынан басқа салаларда жаңа жұмыс орындарын құруға тырысуда. Еңбек нарығын кеңейтетін экономиканың жаңа секторларын дамытумен қатар, билік ішкі көші-қон әсеріне төтеп беретін шаралар қабылдауда. Моноқалалардан 400-ге жуық отбасын облыс орталығына көшіру жоспарлап отыр.
Еліміздің барлық өңірі жұмыссыздыққа қарсы жаңашыл әрекетке көшуі керек. Облыс басшылары бұрыннан қалыптасып қалған мемлекеттік бюджет пен Астанадан берілетін тапсырмаға иек артуды қойғаны абзал.
Бұған дейін Қазақстанда жұмыссыздықпен күресу үшін нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы әзірленіп, іске асырыла бастаған.
Бірер жыл бұрын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мамандары 2025 жылға қарай Қазақстанда объективті себептерге байланысты жұмыссыздықтың күрт өсуі мүмкін деген болжам да жасаған еді.
Елімізде әйелдердің зейнет жасын 63 жасқа дейін көтергенін ескерсек, келер жылдан бастап еңбек нарығында әйелдердің үлес салмағы едәуір артады.
Оның сыртында ТМД елдері мен әлемдік санкцияға ұшыраған көрші елден заңды-заңсыз жолмен жұмыс іздеп ағылып кеп жатқан қалың нөпір бар. Соның бәрін ескере отырып жұмыссыздықтың алдын алатын шараларға басымдық беру қажет.
Мәселен, халықтың өзін-өзі жұмыспен қамтуын дамыту, шағын кәсіпкерлікті қолдау, кадрларды қайта даярлау, қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру, жұмыс орындарын квоталау, жұмыс берушілерді экономикалық қолдау, еңбек нарығын ақпараттық қамтамасыз ету, халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік емес қызметтерді қолдау секілді ауқымды стратегиялық қадамдарға барған дұрыс.