Жаңалықтар
ЕЛІМІЗДІҢ БІЛІМ БЕРУ СТАНДАРТЫНА БІРШАМА ӨЗГЕРІС ЕНГІЗІЛМЕК
Ұлттық білім беру жүйесін реформалау барысында оқушыларды тұлға ретінде, олардың бірегей қабілеттерін дамытуға басымдық берген жөн. Алайда қазіргі жалпылама оқыту тәсілі бұған толық мүмкіндік бермейді.
Бүгін Сенаттың «Ұлттық мүдде» атты диалог алаңында осы мәселе талқыға салынды. Түрлі сала сарапшылары мен ғалымдар білім беру саласын дамытудың келешегін тілге тиек етіп, ұтымды ұсыныстарын айтты.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қазіргі қоғамды қалыптастырудың және ұлттық құндылықтарды дәріптеудің негізгі факторларын атады.
Білім беру саласы ұдайы Президенттің назарында екенін де атап өтті. Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы: – Мектеп – адами капиталдың сапасын қалыптастыратын және елдің бүгінгі болмысы мен болашақ әлеуетін айқындайтын бірден-бір орта. Осы орайда мектептің негізгі 3 функцияны жүзеге асыруы маңызды.
Біріншісі – білім беру. Бұл ретте оқушылардың тұлғалық ерекшелігін ескеруге, жаңа, бірегей білім беру бағдарламаларын құруға, жүйелі түрде мұғалімдердің біліктілігін арттыруға және интернет пен цифрлы ресурстардың мүмкіндігін тиімді пайдалануға баса мән беру қажет. Екіншіден, оқушылардың бойында әртүрлі дағдыларды – «soft skills» дамыту да – үлкен міндет.
Қазір оқушыларға сыни және шығармашылық ойлау дағдысын үйрету, олардың бойына коммуникациялық қабілеттерді, командамен жұмыс істеуді, кез келген ортаға тез бейімделуді сіңіру маңызды. Үшіншіден, мектептің тәрбие ошағы екенін ұмытпауымыз керек.
Адами және ұлттық құндылықтарды дәріптеуде, үлкенге құрмет, кішіге ізет, еңбекқорлық, мейірімділік, жауапкершілік сияқты қасиеттерді жас буынның санасына сіңіруде мектептердің рөлін арттырған абзал. Ал ғалымдар білім беру стандарттарына біршама өзгерістер енгізгелі отырғанын айтты. Оның жобасы да дайын.
Әр пәннің оқыту бағдарламасы Абайдың «Толық адам» ілімі негізінде жинастырылған. Мамандар: «осы арқылы әр бала өзін жеке тұлға ретінде көре алады», – дейді.
Руслан Қаратабанов, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті: – Ә. Фараби бабамыз айтқандай «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» демекші, біз білім мазмұнымен қоса балаға тәрбие беруіміз керек. Бірақ қазіргі бала, буын, заман басқа. Тәрбие беру тетіктері мен құралдары түбегейлі өзгерістерге ұшырады. Қазір құндылыққа негізделген білім деген қағидат басты орын алып отыр.
Ол біздің стандарттарда, білім беру бағдарламаларында да көрініс тапқан.