Жаңалықтар
Ем-шара кабинетінде антибиотик салдырған екі ер адам қайтыс болды

Фото: pixabay
Таразда ем-шара кабинетіне барып антибиотик салдырған екі ер адам бірдей өмірімен қоштасты, — деп хабарлайды деп хабарлайды qandastar.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Араға бірер күн салып қайталанған қайғылы оқиға болған орталықтардың лицензиясы болмағаны анықталған. Қазір Тараздағы барлық процедуралық кабинет тексеріліп жатыр.
29 жастағы Исламбек пойызда жолсерік боп жұмыс істеген. Туыстары ол сапарға шығар алдында тамағын шайдырмақ болғанын айтады. Алайда қолында дәрігердің нұсқаулығы болмаған. Телеарнаның жазуынша, соған қарамастан, сынама жасамай, науқасқа бірден екпе салынған. Антибиотикті көтере алмаған ол ес-түсінен айырылыпты.
Марқұмның әкесі ұлының мезгілсіз өліміне ем-дом кабинетінің мейірбикесін кінәлап отыр. Анықталғандай, жұмыс істеуге рұқсаты жоқ мекеменің қызметкерінде науқасқа нұсқаулық беріп, екпе салуға заңды құқығы болмаған.
«Бала сол жерде 15 минуттай қиналған. Қиналған кезінде ешбір медицина қызметкері көмек жасамай, білгенін істеген. Бұл жерде алғашқы көмек көрсету үшін адреналин де болмаған және алғашқы көмекке препараттар да болмаған», — дейді Темірхан Үсенов.
Ал ем-шара бөлмесінің иесі марқұмның өліміне «еш қатысымыз жоқ» дейді. Айтуынша, олар науқасқа қолынан келген бар амалын жасаған.
«Видеодан көргендеріңіздей, ол басында қимылдап жатқан. Алайда жедел жәрдем бригадасы уақыт өткізіп алды. Олар келе сала, ЭКГ аппартын қоя бастаған. Оның не қажеті бар? Біз оларды алдын ала антибиотикке реакция болып жатқанын ескерттік», — дейді ем-шара бөлмесінің иесі Адиля Ақылова.
Дәл осындай жағдай араға бес күн салып басқа емдеу орталығында қайталанған. 50 жастағы Ерлан Атабеков дәрігердің нұсқауымен дәрі-дәрмек алып емшара орталығына барған. Алайда марқұмның жұбайы ондағы қызметкерлер сынама екпені қолына емес, жамбасына бірден салып жіберген дейді .
«Мұнда күйеуміз екеуіміз бірге келіп, ақыры мен оның өлі денесін алып қайттым. Сот-медициналық сараптама күйеуімнің анафилактикалық шоктан қайтыс болғанын дәлелдеді. Қазір біліксіз мамандардың кесірінен екі баламмен жесір қалдым», — дейді марқұмның жары Мөлдір Мекемтас.
Оның айтуынша, бұл жердегі медицина қызметкерлері бұл жағдайда не істеу керек екенін де білмейді. Жедел жәрдем келгенше, медбикелер еш шара қолданбаған дейді ол. Жансақтау бригадасы келгенше, оның күйеуі осында жатып жан тапсырған. Қайғылы жағдайдан кейін бұл ортылықтың есігіне құлып салыныпты.
«Бұл ем-дом кабинеттерінің екпе процедурасын жасауға арнайы лицензиясы болмаған. Әсіресе бұлшық етке және көктамырға екпе салуға арнайы дайындықтан өткен маман болуға тиіс. Алайда мейірбикелердің ондай құқығы жоқ. Сондықтан қазір бұл орталықтар тексеріске жабылды», — дейді Жамбыл облысы медициналық қызмет және фармацевтиканы бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Базарханова.
Соңғы қайғылы жағдайдан кейін бүкіл мекемелер тексеріліп жатыр. Тараз қаласында процедура кабинеттері карантин кезінде жаппай ашыла бастаған. Мамандар оның көпшілігінде арнайы лицензия жоқ деп отыр. Ал полиция департаменті екі адамның өмірін жалмаған қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғады. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.