Николай Пирогов — ұлы дәрігер, анатом және хирург. Ол бүкіл өмірін адам денесін зерттеуге арнады: сүйектерді, бұлшықеттерді, қанды. Оның кітаптары медицина үшін өте маңызды болды, ал оның әдістері соғыста мыңдаған адамның өмірін сақтап қалды, деп жазады qandastar.kz. tass.ru — ға сілтеме жасап.
Бірақ қартайған шағында, ауылдағы тыныш үйінде өмір сүріп жүргенде, ол алғаш рет денені емес, өзінің ішкі «менін» зерттей бастады.
Біз оны ескерткіш ретінде емес, шаршаған қарт адам ретінде елестетейік. Ол кешке серуендеп, жұлдыздарға қарап, жеке күнделік жазады. Бұрын оны артериялар мен операциялар қызықтырса, енді оны өмір туралы және сана туралы ойлар толғандырады.
Күнделігінде ол бір ерекше қорытынды жасайды.
«Ол былай деп жазады: адам қартайған кезде өмірін көз алдынан өткізсе, таң қалады — біз бала кезден бастап қатты өзгереміз, ересек боламыз, қартаямыз. Бірақ ішкі «мен» — сол күйінде қалады. Біз оны бала кезімізден бүгінге дейін сеземіз. Ол ешқайда жоғалмайды».
Бұл ой Пироговқа қатты әсер етті. Ол өмір бойы көрінетін, ұстай алатын денемен жұмыс істеді. Бірақ соңында ең үлкен құпияның денеде емес, адамның санасында екенін түсінді.
Содан кейін ол өзіне сұрақ қоя бастады:
«Біздің «менімізді» біртұтас ұстап тұрған не? Бұл ми де емес, жүйке де емес. Онда не?».
Осылайша ол батыл ой айтты:
«Мүмкін біздің сана — «әлемдік ақылдың» бір бөлігі шығар. Ал ми — ойды жасаушы емес, сырттан келетін ойды қабылдайтын музыкалық аспап секілді».
Бұл — мистика емес, өз өмірінің мәнін түсінуге тырысқан ғалымның сабырлы ойлары еді.
Оның күнделігі — ғылыми еңбек емес, өзінің ішкі әлемімен және аспанға қарап жазылған әңгіме.
Бүгінде, Пироговтың туғанына 215 жыл толғанда, біз тек оның медициналық жаңалықтарын ғана емес, сонымен бірге өмір бойы өзінің «менінің» құпиясын түсінуге тырысқан адамды да еске алуымыз керек.



