2026 жылдың басынан бастап Қазақстанда мемлекеттік еңбек инспекторлары жұмыс берушілер тарапынан жалақы төленбей қалған қызметкерлердің құқықтарын қорғау бойынша шаралар қабылдады. Бұл туралы 6 наурызда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Ақпаратқа Zakon.kz мәліметіне сілтеме жасаған Qandastar.kz сайты хабар таратты.
2026 жылғы 1 наурыздағы дерек бойынша 102 кәсіпорында 408 қызметкерге 284 млн теңге көлемінде жалақы берешегі анықталған. Тексерулер барысында еңбек заңнамасын бұзудың 1 мыңнан астам фактісі тіркелді.
Жалақы қарызы мен басқа да заң бұзушылықтар анықталған кәсіпорын басшыларына 707 міндетті ұйғарым беріліп, 89 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Қабылданған шаралардың және берешекті өтеудің нақты кестелерін бекітудің нәтижесінде 354 жұмыскерге 253 млн теңге төленіп, олардың құқықтары қорғалды.
Министрлік еңбек заңнамасының сақталуын бақылау тұрақты назарда екенін атап өтті. Жалпы 1125 тексеру жүргізіліп, 1228 бұзушылық анықталған. Оның ішінде 1055 факті еңбек саласына, 161-і еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауға, 12-сі халықты жұмыспен қамту мәселелеріне қатысты.
Қабылданған шаралар нәтижесінде 11 354 қызметкердің еңбек құқықтары қорғалды.



