Жаңалықтар

«Енді 1414-тен SMS код келмейді»: Жеке деректерге қол жеткізу ережесі қатаңдатылуы мүмкін

Елімізде цифрлық қауіпсіздік талаптары күшейтіліп, азаматтардың жеке мәліметтерін қорғау бағытында жаңа тәртіп енгізілмек. Бұл туралы ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Бас прокуратурамен бірлескен шаралар аясында жүзеге асырмақ, деп жазады qandastar.kz

Министрліктің хабарлауынша, бұған дейін бірқатар мемлекеттік қызметтер мен ақпараттық ресурстарға 1414 нөмірінен жіберілетін SMS-код арқылы кіру мүмкіндігі бар еді. Бұл тәсіл пайдаланушы үшін ыңғайлы болғанымен, соңғы жылдары интернет-алаяқтардың осы мүмкіндікті теріс мақсатта қолдану әрекеттері жиілеген.

Алаяқтар ықтимал жәбірленушінің телефон нөміріне 1414-тен жалған хабарлама жіберіп, жеке деректеріне кіруге әрекеттенген жағдайлар тіркелді. Осыған байланысты азаматтардың дербес ақпаратын қорғауды күшейту қажеттігі туындады», – делінген ведомство хабарламасында.

Осыған орай, ақпараттық жүйелерде SMS-кодты қолдану тәртібі өзгертіліп, енді мұндай қызметтерге кіру қосымша қорғаныс деңгейінсіз мүмкін болмайды. Алдағы уақытта мемлекеттік ресурстарға қол жеткізу тек:

– биометриялық аутентификация;
– электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ);
– немесе арнайы QR-код арқылы жүзеге аспақ.

Қауіпсіздік талаптарын орындамаған ақпараттық жүйелер 1414 SMS-шлюзінен толық ажыратылмақ. Сонымен қатар, азаматтардың цифрлық сауатын арттыру мақсатында eGov Mobile қосымшасының басты бетінде ақпараттық баннерлер орналастырылған. Онда кибергигиена, алаяқтық белгілерін тану және цифрлық сервистерді қауіпсіз пайдалану ережелері көрсетілген.

Министрлік бұл қадамдардың басты мақсаты – азаматтардың жеке деректерін қорғау және алаяқтықтың алдын алу екенін атап өтті.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button