Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

«Өтінімдер саны 130 есеге артты»: Енді қазақстандықтар зейнетақы жинағын пластикалық отаға да қолдана алмайды

Елімізде зейнетақы қаражатын алу бойынша тағы бір тыйым енгізілді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы Отбасы банкіне сілтеме жасап.

БЗҚ қаражатын пластикалық отаға пайдалану бойынша өтінім қабылдау 12 желтоқсаннан бастап тоқтатылады.

«enpf-otbasy.kz платформасында стоматология мен офтальмологияға БЗҚ қаражатын пайдалану үшін өтінім қабылдау тоқтатылғаннан кейін, қазақстандықтар жаңа мақсатты жаппай таңдай бастады. Ол реконструктивті және қалпына келтіру (пластикалық) операциялары. Бұл бағытқа әсіресе операциядан кейінгі тыртықтарды түзету және туа біткен ақауларды коррекциялау үшін сұраныс артты», — делінген мәлімдемеде.

Банк мамандары мұндай өтінімдердің саны бойынша күрт өсімді байқаған.

Бұрын банкке азаматтардан орта есеппен 16 өтініш түсетін.

Алайда қыркүйекте стоматология бойынша өтінім қабылдау тоқтаған кезде олардың саны 123-ке дейін өсті, қазанда – 1 844-ке, ал қарашада – 3 878 өтінішке жетті.

Желтоқсанның алғашқы 8 күнінде, офтальмологияға өтінім қабылдау тоқтағаннан кейін, пластикалық оталарға БЗҚ пайдалану бойынша 2 093 өтініш түсті.

Бұл – бұрынғы айлық орташа көрсеткіштен 130 есе көп.

Желтоқсан айындағы өтінімдердің жалпы сомасы 1,8 млрд теңгеге жетті.

«Азаматтардың зейнетақы қаражатының мақсатты пайдаланылуын қадағалау – Отбасы банкінің міндеті. Пластикалық оталарға деген қызығушылықтың күрт артқанын байқаған кезде, біз бұл жағдайдан БЗҚ қаражатын мақсатсыз пайдалану қаупін көрдік. Сондықтан осы бағыт бойынша өтінім қабылдауды тоқтатуға мәжбүр болдық.

Қазір осы мүмкіндікті желеу етіп, кейбіреулер БЗҚ қаражатын делдалдар арқылы заңсыз жолмен шешіп алып жатыр. Ал шын мәнінде, пайда тауып отырған – сол делдалдар. Отбасы банкі үшін ең маңыздысы – зейнетақы қаражатының нақты мақсатына жұмсалуын қамтамасыз ету және оны заңсыз баю құралына айналдырмау», — деді Отбасы банк басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Қазіргі уақытта пластикалық операцияларға зейнетақы қаражатын пайдалану бойынша 6 294 өтінім қаралуда.

Бұл өтінімдердің барлығы қолданыстағы тәртіпке сәйкес өңделеді.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button