Қазақстанда жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасындағы қарым-қатынасты айтарлықтай өзгертуі мүмкін Еңбек кодексіне түзетулер әзірленуде. Еңбек заңнамасын жетілдіруге бағытталған заң жобасы Мәжілістің ресми сайтында жарияланды. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Digitalbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Құжат қабылданған жағдайда заң ресми түрде жарияланған күннен бастап 60 күн өткен соң күшіне енеді. Ұсынылып отырған өзгерістер еңбек қатынастарын реттеудің жаңа тетіктерін енгізіп, жұмыс беруші мен жұмысшының құқықтары мен міндеттеріне қатысты нормаларды қайта қарауды көздейді.
Заң жобасы қазір қоғам мен сарапшылардың талқылауына ұсынылған.
«Юрконсул» заң фирмасының басшысы Мария Шукалованың айтуынша, Еңбек кодексіне енгізілетін өзгерістер қызметкерлермен өзара іс-қимыл тәртібін айтарлықтай өзгертеді. Енді еңбек жағдайларын өзгерту кезінде ауызша келісім жеткіліксіз болады.
Маманның сөзінше, жұмыс беруші еңбек шарттарын өзгерткен жағдайда қызметкерді міндетті түрде жазбаша түрде хабардар етуі тиіс. Бұған дейін мұндай нақты талап болмаған. Ал жазбаша ескертудің болмауы еңбек заңнамасын бұзу ретінде қарастырылады.
Сонымен қатар ең көп талқыланып жатқан жаңашылдықтардың бірі — қызметкердің жеке өміріне қол сұқпау құқығының заңмен бекітілуі. Яғни қызметкер жұмыс уақытынан тыс кезде байланыста болмауға заңды түрде құқылы. Енді жұмыс күнінен кейін қоңырау шалу, хабарлама жолдау немесе тапсырма беру заңға қайшы саналады.
«Қызметкердің ар-намысы, қадір-қасиеті және жеке өміріне құрмет көрсету құқығы енді заң жүзінде бекітілді. Сондай-ақ қызметкер өндірістік тоқтап қалу кезінде уақытша басқа жұмысқа ауыстырудан бас тартуға құқылы. Егер қызметкердің құқықтары шектелсе, жұмыс беруші оның себебін жазбаша түрде түсіндіруге міндетті. Ал ауысым алдындағы медициналық тексерулердің уақыты енді ресми түрде жұмыс уақытына жатқызылады», — деп атап өтті заңгер.
Өзгерістер жазатайым оқиғаларды тергеу тәртібіне де әсер етті. Жаңа талаптар тараптардың жауапкершілігін нақты ажыратады.
«Егер қызметкердің өрескел абайсыздығы анықталса, аралас жауапкершілік қолданылмайды. Бұл жұмыс беруші мен қызметкердің жауапкершілігін айқынырақ бөліп, жұмыс берушіге қауіпсіздік талаптарының сақталғанын дәлелдеуді жеңілдетеді», — деді Мария Шукалова.



