Қаржы және төлемдер
Енді үш ай қатарынан 100 адамнан аударым тіркелсе, салық органдары тексереді
Фото: ашық дереккөз
Үш ай қатарынан 100 түрлі адамнан аударым түссе ғана, салық органдары тексереді, деп жазды qandastar.kz
Бұл туралы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің бас сарапшысы Ерсайын Көптілеуұлы айтты.
«Мәселен, жеке адамның Каспиіне қаңтар айында 100 түрлі адам, ақпанда да 100 адам, наурызда да 100 тұлғадан ақша аударылса ғана назарға ілінеді», – деді Ерсайын Көптілеуұлы.
Жеке тұлғаларың мобильді аударымдарына салық салынбайды.
«Мобильді аударымдар – кәсіпкерлерге емес, жеке тұлғаларға арналған құрал. Оларға салық салынбайды. Бірақ кәсіпкерлер салық төлеуден жалтару үшін мобильді көп пайдаланып кетті. Сондықтан салықтан жалтарғандарды анықтап, олардың кірісіне салық төлеуді міндеттеу және кәсіппен айналысса да, тіркелмей жүргендерді дара кәсіпкер ретінде тіркету мақсатында мобильді аударымдарды бақылаймыз», – деді ол.
Салық төлеуден жалтарған кәсіпкерлерге алдымен ескерту беріледі. Екінші рет қайталанса, 40 АЕК (157 280 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Сонымен қатар Мемлекеттік кірістер комитетінің мамандары 255 мың теңге шек әлі заңмен бекітілмегенін айтады. Бұл Қаржы министрлігінің ұсынысы ғана. Осы ретте маман 255 мың теңгенің қайдан шыққанын түсіндіріп өтті.
«Бізде Кәсіпкерлік Кодексінде 12 ең төменгі жалақы деген түсінік бар. 12 ең төменгі жалақыдан төмен табыс тапсаңыз, сіз дара кәсіпкер ретінде тіркелмеуге құқылысыз. Ал енді 255 мыңға келсек, бұл – үш айдағы ең төменгі жалақы. Бір жылда 12 ай бар деп есептесек, 3 ай бойынша ең төменгі жалақы көлемі 255 мың болады. 2024 жылы ең төменгі жалақы 85 мың теңге болды. 3-ті 85 мыңға көбейтсеңіз 225 мың болады», – деді.