Отбасы банк 4 желтоқсаннан бастап біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен офтальмологиялық қызметтерді төлеуге арналған өтінімдерді қабылдамайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Осы уақытқа дейін түскен барлық өтініш қаралады.
«Өтінім қабылдауды тоқтату – Денсаулық сақтау министрлігінің БЖЗҚ емделуге пайдалану ережелеріне енгізген өзгерістерімен байланысты. Жаңа ережелерге сәйкес зейнетақы қаражатын стоматологияға да, офтальмологияға да пайдалануға рұқсат берілмейді», — делінген мәлімдемеде.
Қазіргі уақытта банкте «офтальмология» бағыты бойынша жалпы сомасы 13,3 млрд теңге болатын 15808 өтінім бар.
Банктің хабарлауынша, стоматология бойынша өтінімдер тоқтатылғаннан кейін офтальмологияға сұраныс күрт артқан.
15 қыркүйекке дейін айына орташа 174 өтінім мақұлданса, шектеулер енгізілгеннен кейін бұл көрсеткіш 7 есеге, яғни 1 264 өтінімге дейін өскен.
Сонымен қатар банк бірқатар күмәнді жағдайларды анықтады.
Әртүрлі клиенттер бір офтальмологиялық клиникамен келісімшарт жасаса да, құжаттарда клиника әр қалада орналасқан түрлі мекенжайлармен көрсетілген.
Тексеру барысында бұл мекенжайларда мұндай клиниканың жоқ екені белгілі болды.



