Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

«Енді жыламаса екен»: Қаржаубай Нұрымовқа қатысты қылмыстық іс тоқтатылды

Адвокат Мейірман Шекеев марқұм Шерзаттың әкесіне қатысты қылмыстық істің тоқтатылғаны туралы өз әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Айтуынша, бұл іс бойынша көп азаматтар алаңдаушылық білдіріп, алыпқашпа әңгімелер де пайда болған.

«Қаржаубайға қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша көп азаматтар алаңдаушылық білдіріп, тікелей эфирде және басқа да жерлерде, одан қалса журналистер де сұрап жүргендіктен және бұл іске қатысты өсек-аяңды тоқтату үшін осы ақпаратты жариялап отырмын.

Осы уақытқа дейін жауап бере алмадық, өйткені іс жалғасып жатты. Десе де, осы аралықта қаншама атқарылған жұмыстардың арқасында, біз бұл нәтижеге қол жеткізе алдық деп ойлаймын», — деді адвокат.

Адвокат тіпті Қаржаубай Нұрымовтың сотталғанын күтіп жүргендер де табылғанын жасырмады.

«Қаржаубайдың кейбір жаулары біздің үнсіздігімізді Қаржаубай сотталатынға сайып, бағып жүрді. Ол жайлы отбасын әбден қаралап әбігерге салған бір адам, осы істің артын бағып та жүрді. Кейбір тікелей эфирде айтыпта жүрді.

Қаржаубай сотталады дегендей үміттерін үзбегені де рас. Алайда бұл істе сол кезде жәбірленуші болған полиция қызметкерлерінің адамгершілігі биік болды. Соның негізінде және құқық қорғау органдарының бұл істе объективтілік танытқанының арқасында Қаржаубайға қатысты қозғалған қылмыстық іс Қылмыстық-процестік кодекстің 35-бабының 1-бөлігінің 12-тармағының негізінде тоқтатылды», — деп жазды ол.

Сөз соңында ол отбасыға жарқын болашақ тіледі.

«Қаржаубайға інім ретінде болашағы енді ашық жарқын болсын деп тіледім. Мұндай қиын жағдайға енді түспесе екен деймін, себебі оның көтерген жүгі түптеп келгенде ең ауыр жүк екені анық», — деп жазды адвокат.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button