Энергетика министрлігі Орынбор газ өңдеу зауытында шикізат қабылдау уақытша тоқтағанына қарамастан, Қазақстанда газ жеткізу қалыпты режимде жүріп жатқанын хабарлады, деп жазады qandastar.kz.
Ведомствоның мәліметінше, әлеуметтік желілерде тараған «Астана мен басқа өңірлерде газ тапшылығы болуы мүмкін» деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Елдің газдандырылған аймақтарына көгілдір отын толық көлемде және шектеусіз жеткізіліп отыр.
Министрлік уақытша шектеулер кезінде газ жеткізудің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін резервтік тетіктер қолданылғанын атап өтті. Сондай-ақ, Қарашығанақ кен орнында өндіріс көлемі бақылаулы түрде азайтылғанымен, бұл ішкі нарыққа әсер етпейді.
Болжам бойынша, жақын күндері Орынбор зауытында газ қабылдау қайта басталады. Энергетика министрлігі тұрғындарды тек ресми ақпаратқа сенуге және жалған мәлімет таратпауға шақырды.