Қаржы министрлігі жүргізген медициналық ақпараттық жүйелердің IT-аудиті барысында пациенттің жынысына сәйкес келмейтін медициналық қызметтердің жаппай тіркелгені анықталды. Бұл туралы Qandastar.kz ҚР Үкіметінің ресми Теlegram-арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қаржы министрі Мәди Такиевтің мәліметінше, жалпы құны 1,8 млрд теңгені құрайтын 769 446 скрининг пациенттердің жынысына сай емес жүргізілген . Мәселен, 768 827 ер адам әйелдерге ғана жасалатын жатыр мойны обырына скринингтен өтті деп тіркелген. Сондай-ақ 619 ер адамға маммография жасалғаны көрсетілген.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, Алматы облысындағы тек бір аудандық аурухананың өзінде осындай 11 123 заңбұзушылық тіркелген.
Ведомство бұл деректер медициналық қызметті есепке алу жүйесінде өрескел бұрмалаулар бар екенін көрсететінін атап өтті.



