
Ербаян Мұхтар Түркияда өткен емнің екінші кезеңін сәтті аяқтап, Астанаға аман-есен оралды. Қазіргі таңда оның жағдайы тұрақты, деп хабарлады отбасы өкілдері, деп хабарлайды qandastar.kz
Дәрігерлердің айтуынша, емнің толық әсері байқалуы үшін кемінде үш ай қажет. Осы мерзім өткен соң Ербаян Стамбулға қайта барып, реабилитациялық кезеңді жалғастырады.
Ербаянның ата-анасы және заңды өкілі барлық қолдау білдірген азаматтарға шын жүректен алғыс айтты.
«Бұл жолғы шетелдік ем — халықтың жанашырлығының, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың, сондай-ақ ұшу мәселесін шешуге көмектескен генерал Қайрат Үмбетовтың қолдауының арқасында мүмкін болды. Екі рет шетелде ем алу – үлкен еңбектің және сенімнің нәтижесі», — делінген отбасы хабарламасында.
Жарақатының ауырлығына байланысты өзгеріс бірден байқалмаса да, бұл — дәрігерлер күткен қалыпты процесс. Ербаян өз денсаулығы үшін күресін жалғастырып жатыр.
«Оған халықтың әрбір тілегі мен қолдауы — үміт пен күш береді. Баршаңызға рақмет!» — дейді оның туыстары.



