
Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты заңсыз кәсіпкерлік және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру деректері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Тергеу мәліметінше, Instagram желісінде 15 миллионнан астам жазылушысы бар ерлі-зайыпты блогерлер аудиторияның сенімін жеке пайда табу мақсатында пайдаланған.
2025 жылы олар онлайн-курстарды сату деген желеумен заңсыз схема ұйымдастырған. Курстарды сатып алуға басты түрткі – қымбат сыйлықтар ойнатылатын ұтысқа қатысу мүмкіндігі болған.
Алайда ұсынылған бейнематериалдардың басым бөлігі ашық дереккөздерден, соның ішінде YouTube платформасынан алынғаны анықталды. Тергеу қорытындысына сәйкес, бұл «курстардың» нақты білім беру құндылығы болмаған және олар заңсыз лотерея қызметін жасыру құралы ретінде қолданылған.
Жүлде қоры блогерлердің жеке қаражаты есебінен емес, қатысушылардың онлайн-курстар үшін төлеген ақшасынан қалыптастырылған. Сонымен қатар, электронды «сәттілік барабанының» параметрлері өзгертіліп, 5 мың теңгелік жүлдені ұтып алу ықтималдығы әдейі арттырылған. Ал қымбат сыйлықтарды алу мүмкіндігі едәуір төмендетілген.
Тергеу барысында күдіктілердің ең көп репост жасаған қатысушыға 11-автокөлікті табыстағаны туралы жария түрде мәлімдеме жасағаны белгілі болды.
Бұл қадам акцияның ауқымын кеңейту және жұрт назарын аудару мақсатында жасалған. Алайда іс жүзінде жеңімпаз анықталмаған әрі уәде етілген сыйлық табысталмаған.
Нәтижесінде азаматтардан «Zhana Business» ЖШС-не тиесілі шоттарға түскен қаражат көлемі 247,5 млн теңгені құраған. Оның ішінде 60 млн теңге депозиттік шоттарға орналастырылған.
Сот санкциясымен 17 iPhone ұялы телефонына, сондай-ақ Lamborghini Urus, Lexus LX 600 көліктерін қоса алғанда, 10 автокөлікке тыйым салынды.
Күдіктілерге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазіргі уақытта олар қылмыстық іс материалдарымен танысу кезеңіне өткен.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге мәліметтер жария етуге жатпайды.



