Астана қалалық полиция департаменті әкімшілік іс қозғады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
«Интернет-кеңістігінде блогердің ерекше күтімді қажет ететін балалардың ата-аналарына қатысты әдепсіз және қорлайтын сөздер айтылған видеосы таралу фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалды», — дейді департаменттегілер.
Видеоның авторы ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді.
Ұсақ бұзақылық фактісі бойынша жиналған материалдар шешім қабылдау үшін сотқа жіберіледі.
Тәртіп сақшылары желіде адамның жеке басына қатысты балағат, қорлау сипатындағы сөздер айтып, тарату қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауаптылыққа әкеліп соқтыратынын ескертеді.
Мұндай құқық бұзушылықтар заң аясында қатаң түрде тоқтатылады.
«Азаматтарды контент жариялауда жауапкершілік танытуға, басқа да адамдардың құқықтары мен сезімдерін құрметтеуге, сондай-ақ қоғамдық мораль мен этика нормаларын сақтауға шақырамыз», — делінген мәлімдемеде.



