
Ерке Есмахан пластикалық оталар туралы қауесетке нүкте қойды, деп жазады qandastar.kz
Әнші Ерке Есмахан Instagram парақшасында бетіне пластикалық операция жасатқаны жөніндегі қауесеттерге ашық түрде жауап берді. Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жүрген бұл мәселе жайлы өнер иесі өз ұстанымын нақты әрі нық жеткізді.
Еркенің айтуынша, сырт келбетінің өзгеруі — табиғи процесс, ал ол ешқандай хирургиялық отаның көмегіне жүгінбеген.
“Бұл тақырып әбден ескірді. Қазір көп адам пластикасын ашық айтып, тіпті сонымен мақтанады. Егер мен де қандай да бір ота жасатсам, оны жасырмай, ашық айтар едім. Біреуден қорқып немесе ұялатын адам емеспін. Тағы да қайталаймын: бетімді кестірген жоқпын, тартқызған емеспін, сүйегімді сындырған емеспін, бәрі өзімдікі. Бұрын жас қыз болсам, қазір жайқалған әйелге айналдым. Сол себепті сұлу болып көрінуім — табиғи нәрсе. Ал бәрібір ‘пластика’ деп сенбейтіндер болса, осы ақпаратпен тынышталатын шығар”, — деп жазды әнші өз парақшасында.
Өнер иесі егер болашақта қандай да бір косметикалық немесе пластикалық процедура жасатса, оны жасырмай ашық айтарын атап өтті. Сондай-ақ Ерке табиғи сұлулықты бағалайтынын және көрікті болудың басты сыры — өз-өзіне күтім мен ішкі үйлесім екенін жеткізді.



