Жаңалықтар

Ерлан Атамқұлов спорт федерациясын басқаратын адамдар ақшаны қалай жымқырып жатқанын ашық айтты

Фото: видеодан кадр

Кезінде «Қазақстантеміржолы» АҚ басқарған Ерлан Атамқұлов спорттағы жемқорлық туралы, ондағы ақшаны жымқыру жолдары қалай жүзеге асып жатқанын ашық айтты.

Abay Live арнасына сұхбат берген бизнесмен спортқа қатысы жоқ адамдардың көбі федерацияны басқаруға құштар екенін атай келе, шетелден легионер тасу арқылы ақшаны үптеудің жолы қалыптасып жатқанын тілге тиек етті. Оның сөзінше, елімізде спорт саласына жыл сайын 1 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінеді. Ал бұл сома қажетті қаржыдан бірнеше есе көп көрінеді.

«Елімізде спорт үшін жылда 800 млн доллар бөлінеді. Кезінде мен екі волейбол клубын қаржыландырдым. Әйелдер құрамасы 8 дүркін ел чемпионы атанды. Ерлер құрамасы 3 рет топ жарды. Сол клубтар мемлекеттен 1 тиын қаржы алмады. Соған қарамастан құрама команданың бүкіл шығынын төлеп отырдым. Бейжіңде өткен Олимпиадада еліміздің әйелдер құрамасында ел намысын «Рахат» командасының мүшелері қорғады. Ал қазір бөлінетін 800 млн доллар деген масқара ақша ғой? Оның 10 пайызы керек шығар. Неліктен спортқа осынша көлемде қаржы бөлінеді?», – деді Ерлан Атамқұлов.

Қаржының шамадан тыс көптігі кімдерге тиімді екендігі атаған ол федерация басшылығына келген қалталылар спортқа ақша салмайтынын, керісінше салаға бөлінген ақшаны алуға жұмыс істейтінін жеткізді.

«Ол ақшаның бәрі талан-таражға салынады. Олар (Федерация – ред.) Африкадан, басқа елдерден спорт түрлері бойынша легионер әкеледі. Олардың агенттері бар, оларға 1-2 млндап төлейді. Неге? Себебі, шетелдікпен келісім жасау оңай. Жартысын легионерге беріп, жартысын өздері алады. Оқу-жаттығу жиындары бар. Анау дейді, мынау дейді… Қазір бірі футболды, бірі жеңіл атлетканы басқарып отыр. Бәрі федерацияны басқаруға тырысады. Не үшін? Басқарып отырған адамдар бұрын спортпен айналыспаған, одан мүлдем хабары жоқ. Былайша айтқанда стаканнан ауыр нәрсе көтермеген адамдар. Федерацияға мемлекет қыруар ақша бөледі. Ал мемлекеттік ақшасын бөлу, оны қалай жұмсау федерацияның қолында. Олар федерацияға ақша алу үшін келеді», – деді Ерлан Атамқұлов.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close