Қаржы және төлемдер

Ерлан Қошанов Салық кодексіне енгізілген өзгерістер туралы айтты

Фото: Мәжіліс

Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Салық кодексіне енгізілген өзгерістер елдің дамуына септігін тигізетініне тоқталды. Бұл туралы qandastar.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановтың айтуынша, бүгін өте мазмұнды талқылау болды.

«Салық кодексі – тек салық мәселесі ғана емес, ол әділеттік мәселесі дегенді жаңа депутаттар дұрыс айтты деп ойлаймын. Салық – өте сезімтал сала. Себебі әр қазақстандық азамат, әр отбасы, әр қазақстандық бизнесмен бүгінгі біздің қабылдаған шешімімізді тікелей сезінетін болады. Сондықтан Мемлекет басшысы Үкімет пен Парламентке әділ, тиімді әрі болжамды салық жүйесін құруды тапсырды. Бүгін біз сол жаңа Салық кодексін бірінші оқылымда талқыладық. Бұл талқылау қыркүйек айынан бері жалғасып келе жатыр. Жұмыс тобында өте көп жұмыс атқарылды. Сонымен қатар кеше Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының отырысында да бұл мәселе жан-жақты қаралған болатын», – деді Мәжіліс Төрағасы.

Салық кодексі фракция отырыстарында жан-жақты талқыланды.

«Ең алғашқыда Мәжіліс пен Үкімет арасында көп мәселеге қатысты әртүрлі ұстаным болды. Тақылау барысында депутаттар Үкіметпен бірге жұмыс істеп, қызу пікірталастардан кейін біраз түйткілді мәселе бойынша ортақ шешімге келді. Солардың негізгілеріне тоқталып өтейін.

Бірінші. Қосымша құн салығының шекті мөлшері бойынша ортақ мәмілеге келдік.

Бұл қоғамды алаңдатқан ең өзекті мәселе болатын. Үкімет ұсынған 15 миллион теңге шекті мөлшерін 40 млн теңгеге көтеретінін, ол бойынша Үкіметтің ұстанымын жаңа ғана Жұманғарин мырзаның аузынан  естідіңіздер.

Екінші. Әркім өз кірісіне сай  салық төлейді деген шешімге келіп отырмыз.

Мысалы, сауда-саттықпен, қызмет көрсетумен айналысатын, тауар өндіретін шағын және орта бизнес үшін арнайы салық режимі жұмыс істейтін болады.

Яғни, 4 пайыздық салық мөлшерімен қосымша құн салығынсыз кәсіппен айналысу мүмкіндігі толық сақталады.

Оған қоса, бұл мүмкіндікті кеңейту мақсатымен «тыйым салынған кәсіптер тізімі» әзірленеді.

Бұл  – үлкен шешім.

Ол да арнайы салық режимінің қолданылу аясын едәуір кеңейте түседі.

Үшінші. Ірі бизнес үшін жеңілдіктер қысқартылады. Бүгін ол туралы көп айтылды.

Ал банктер мен ойын бизнесі үшін табыс салығы ұлғайтылады.

Бір сөзбен айтқанда, қарапайым халықтың қалтасына салмақ түспейді.

Жаңа салық саясатының көздегені де – осы», – деді Ерлан Қошанов.

 

Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close