Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Есік қаласында жаппай төбелес кезінде оқ атылды (ВИДЕО)

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы Есік қаласында бір топ жас арасында жаппай төбелес болды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Желіде тараған видеода жастардың өзара жанжалдасып, артынан оқ атылғанын көруге болады.

Облыстық полиция мәліметінше, оқиғаға байланысты екі қылмыстық іс қозғалды: бұзақылық және полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсету.

Алматы облысы полиция департаменті бастығының тергеу жұмыстары жөніндегі орынбасары Рустам Абдрахманов әлеуметтік желілерде тараған жарияланымға түсініктеме берді.

Оның айтуынша, бейнежазбада көрсетілген заңсыз әрекеттер 2026 жылы 28 наурызда Еңбекшіқазақ ауданы аумағында болған.

«Аталған факті бойынша екі қылмыстық іс тіркелді, бұл – бұзақылық және полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсету. Жеті адам күдікті деп танылды. Олардың барлығы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», — деп мәлімдеді Рустам Абдрахманов.

Айтуынша, төбелеске қатысушыларға ескерту ретінде және қоғамдық тәртіптің бұзылуын болдырмау үшін оқиға орнына келген полиция қызметкерлері ауаға оқ атқан.

«Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Әрбір қатысушының әрекетіне құқықтық баға беріледі. Барлық қажетті тергеу әрекеттерін Еңбекшіқазақ аудандық полиция басқармасының қызметкерлері Алматы облысы полиция департаментінің үйлестіруімен жүргізіп жатыр. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынған», – деді Абдрахманов.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button