ЖаңалықтарСараптама

Ет импорты, отандық өндіріс және баға

Қазақстанда ірі қара мал етін импорттауға салынатын кедендік баж салығын нөлге дейін төмендету туралы ұсыныс қоғамда қызу пікірталас туғызды. Жаңа бастамаға қатысты көзқарастар екіге жарылып отыр: бір жағынан, бұл ет бағасын төмендетіп, тұтынушыны қолдауға бағытталған шара ретінде бағаланса, екінші жағынан – бұл шешім отандық ауыл шаруашылығына, әсіресе ет өндірушілерге елеулі қауіп төндіруі мүмкін деген алаңдаушылық бар, деп жазады qandastar.kz

Баж салығының жойылуы – фермерлерге соққы болуы мүмкін

Мәжіліс депутаты Павел Казанцев бұл ұсынысты сынап, Қазақстан фермерлерінің жағдайын еске салды. Оның айтуынша, нөлдік баж салығы фермерлердің өндірістік белсенділігіне соққы болып тиюі ықтимал. Ол Өзбекстан тәжірибесін мысалға келтіріп, аталған елдің осындай қадам арқылы отандық ет өндірісін жоғалтып алғанын ескертті.

“Біз мұнда Өзбекстанның тәжірибесін қайталау қаупі төніп тұр. Олар баж салығын алып тастап, мәселені уақытша шешті. Алайда, кейін өздерінің ірі қара етіне қатысты өндірісін құрдымға жіберді. Бүгінде олар толықтай импортқа тәуелді. Азық-түлік қауіпсіздігі – бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Сондықтан біз мұндай қадамға қарсы боламыз,” – деді Павел Казанцев.

Қазақстандық фермерлер де осы ұстанымды бөлісіп отыр. Олар баж салығы алынып тасталса, шетелдік арзан ет отандық өніммен бәсекелесе алмайтынын айтып, бұл өндірістің құлдырауына алып келуі мүмкін деп санайды.

Сарапшылар: арзан ет – тұтынушыға тиімді, бірақ тәуекел бар

Аграрлық сектор маманы Кирилл Павлов бұл ұсынысты тек қауіп ретінде қарастыруға болмайтынын айтады. Оның пікірінше, басты мәселе – қай елден, қандай сападағы ет әкелінетінінде.

“Егер біз арзан, бірақ сапасы төмен етті шетелден әкелетін болсақ, бұл қайта өңдеуші кәсіпорындарға тиімді. Олар сол арқылы шұжық, консервіленген ет секілді өнімдерді арзандатып, тұтынушыға қолжетімді бағамен ұсына алады. Бірақ бұл әсер қанша уақытқа созылады және өндірушілер артық пайда көздемей ме – бұл сұрақтар ашық қалып отыр,” – дейді сарапшы.

Мұнда мәселе импорттық еттің нарықты қаншалықты толтыратынында емес, оны кім және қалай пайдаланатынында. Егер нарықтық ойыншылар бағаны негізсіз көтерсе, пайда қайтадан делдалдар мен өңдеушілерге кетуі мүмкін.

Ет одағы: бұл – кеш те болса қажет шешім

Қазақстанның Ет одағының төрағасы Мақсұт Бақтыбаев бұл шешімді қолдайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, кедендік бажды уақытша нөлге түсіру – отандық нарықты реттеуге бағытталған амал. Әрі ол импортқа жол ашудың тұтынушы үшін тиімді екенін алға тартты.

“Бұл қадам кеш қабылданғанымен, қажет. Еттің бағасын реттеу үшін біз импортқа рұқсат беріп, экспортты шектемеуіміз керек. Қазір отандық өндірушілерге бұл шешім елеулі әсер етпейді – олардың жағдайы онсыз да тұрақты. Ал тұтынушылар арзанырақ етке қол жеткізеді,” – деді Бақтыбаев.

Оның айтуынша, басты мәселе – нақты есеп жүргізіп, елге қанша көлемде ет әкелуге болатынын анықтау. Себебі ішкі нарық толық қамтылғанша бұл жүйе тиімді болуы мүмкін, бірақ сұраныс пен ұсыныс тепе-теңдікке жеткен соң, баж салығына қатысты саясатты қайта қарастыру қажет болады.

Қысқа мерзімді пайда – ұзақ мерзімді тәуекел ме?

Импорттық етке салынатын баж салығын алып тастау қысқа мерзімде тұтынушы үшін жағымды

көрінуі мүмкін. Алайда, бұл шешімнің ұзақ мерзімді салдарына көз жүгіртсек, отандық ауыл шаруашылығы саласы елеулі қысымға тап болуы ықтимал. Арзан импорттық өнім отандық фермерлердің табысын азайтып, саланың бәсекеге қабілеттілігін төмендетуі мүмкін.

Бұған қоса, Қазақстан агроөнеркәсіптік кешенді дамытуды ұлттық басым бағыт ретінде айқындаған мемлекеттердің бірі. Мұндай жағдайда шетелдік өнімге кең жол ашу бұл стратегиямен қаншалықты үйлесетіні – үлкен сұрақ.

Қорытынды: тепе-теңдікті қалай табамыз?

Қазақстанда ет импортына баж салығын нөлге түсіру – тек экономикалық емес, әлеуметтік және саяси маңызы бар шешім. Бұл жерде басты мақсат – бағаны уақытша ұстап тұру емес, отандық өндірісті тұтынушымен қатар дамыту.

Мемлекет бұл ретте нақты талдау жүргізіп, импорт көлемін шектеп, реттеу тетіктерін ашық ұстауы қажет. Сонымен қатар, отандық ет өндірушілерге қолдау шараларын қатар жүргізіп, нарықтағы әділ бәсекені қамтамасыз ету – маңызды міндеттердің бірі.

Ет импортына нөлдік баж салығы – шешім емес, құрал. Бұл құралды қалай және қашан қолдану қажет екені – Үкіметтің салмақты, көпқырлы талдауына байланысты.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button