Әлем жаңалықтары
Этникалық қазақ Қытайда лауазымды қызметке тағайындалды
Фото: thepaper.cn
Е.Зықанұлы 1973 жылы мамырда Қытайдың Алтай өңірінде дүниеге келген.
Қытайдағы этникалық қазақ Ербол Зықанұлы Ганьсу провинциясының Чжанъе қаласына әкім болып сайланды, деп хабарлайды qandastar.kz Skifnews.kz ақпарат порталына сілтеме жасап.
Е.Зықанұлы 1973 жылы мамырда Қытайдың Алтай өңірінде дүниеге келген, жоғарғы білімі бар. Бұған дейін Буыршын ауданының әкімі, Алтай аймағы әкімшілік басшысының орынбасары секілді лауазымды қызметтер атқарған.
Қытай басылымы бұған дейін Шыңжаң өлкесінің аудит басқармасын басқарған Зықанұлының 2024 жылғы қазанда қалалық партия комитеті хатшысының орынбасары, қала әкімінің міндетін атқарушы болып тағайындалғанын жазған.
Чжанъе – Қытайдың Солтүстік-батысындағы Ганьсу провинциясына қарасты жергілікті маңызы бар қала. Жалпы жер ауданы 39 436,53 шаршы шақырым, тұрғылықты халық саны 1,2 млн-ға жуық, оның 97 пайызы этникалық қытайлар. Қалаға тәуелді Сунань сарыұйғыр автономиялық ауданы Қытайда ғана кездесетін түркітілдес сарыұйғыр халқының тарихи мекені саналады. Сондай-ақ қала округінде дүнген, моңғол, тибет халықтарының өкілдері тұрады.